Президент ЖИ-ге маманданған жаңа зерттеу университетін ашуды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруға тапсырма берді.

Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында айтты.
Президент елімізде ЖИ мамандарын оқытатын арнайы бір оқу орны жоқ екенін атап өтті. Олар жекелеген университеттерде ғана оқып, білім алып жатыр.
— Бұл мәселені қолға алып, нақты шешім қабылдау керек. Әлемде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Мысалы Біріккен Араб Әмірліктерінде Мұхамед Бен Заид атындағы мамандандырылған жасанды интеллект университеті құрылды. Қазақстанда 79 университетте IT мамандығы бойынша 63 мыңнан астам студент оқиды. Былтырдан бері білім беру бағдарламаларына ЖИ пәні жаппай енгізіліп жатыр. Сондай-ақ университеттерде ЖИ жөніндегі ғылыми зерттеу орталықтары жұмыс істейді, — деді Мемлекет басшысы.
Білікті ғалымдарымыз былтыр KAZLLM атты қазақ тілінің жеке моделін жасап шығарды. Осының бәрі маңызды жобалар екені сөзсіз. Енді Президент елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырды.
— Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн. Сондай-ақ, бұл жұмысқа әлемнің үздік оқу орындарын серіктес ретінде тарту қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруге тиіс. Осындай жаңа оқу орны бізге не үшін қажет деген сауал да туындауы мүмкін. Басты мақсат — экономиканың барлық саласына ЖИ технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлау. Зерттеу университеті білім ғылым, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек, — деді Президент.
Айта кетейік, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес Президент Жарлығымен құрылған және ол — елдегі ЖИ дамытудың стратегиясын қалыптастыратын, технологияларды экономиканың негізгі салалары мен мемлекеттік басқаруға енгізуді сүйемелдейтін, сондай-ақ салалық бағдарламалар мен стратегиялық құжаттарға ұсыныстар әзірлейтін кеңесші-консультативтік орган.
Бірінші отырысқа Қазақстан Үкіметінің өкілдері, оның ішінде Премьер-Министр мен салалық министрлер, сондай-ақ әлемнің жетекші университеттері мен компанияларынан халықаралық сарапшылар мен ғалымдар қатысуда. Олардың қатарында БАӘ, АҚШ және Қытай мамандары бар.