Президентке Бурабай, Марқакөл, Ортекенің ЮНЕСКО тізіміне енгенін растайтын сертификаттар табысталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бурабай» және «Марқакөл» қорықтарының биосфералық резерваттардың жаһандық желісіне қосылғанын, сондай-ақ «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнерінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгенін растайтын сертификаттарды табыстады. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
None
Фото: t.me/aqorda_resmi

Сондай-ақ Одрэ Азуле қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне сапарынан алған әсерімен бөлісті.

Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның бас директоры ҚР Президентінің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға, соның ішінде азаматтық қоғамды нығайтуға, білім және мәдениет саласын дамытуға қатысты бастамаларына жоғары баға берді.

«Менің Қазақстанға жасаған сапарым сіздің еліңіздегі маңызды стратегиялық кезеңмен тұспа-тұс келді. Сіз ауқымды реформа жүргізіп жатырсыз. Бұл істе сіздің президенттік мандатыңыз шешуші рөл атқаруға тиіс», – деді Одрэ Азуле.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азулені қабылдаған болатын.


Соңғы жаңалықтар