ПРЕЗИДЕНТТІҢ ІІМ ҚАТЫСТЫ СЫНЫ РАСТАЛДЫ: Жамбылдық құқық қорғаушылар тергеудегі адамдарды азаптаған полицейлерді жазалауды талап етіп отыр

«Жамбыл облысында Тараз ІІБ екінші полиция бөлімінің полицейлері Ғалым Игенов пен Талғат Аужановқа қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғады, тергеуді аяқтап, оны сотқа берді», - деді құқық қорғаушы. - Жәбірленуші Сергей Степанов пен Федор Кутепов сотта оларды кім және қалай азаптағанын айтты. Олардың сөзін растайтын сот-медициналық сараптама да көрсетілді. Бірақ Жамбыл облысының соттары полицейлерді ақтап алып, заңсыз ұстау фактісі ғана шындыққа сай деп танып, бұл істі аппеляциялық алқаның қарауына жіберді. Одан полицейлердің толығымен ақталып шығатыны айдан анық».
2011 жылы ҚР Қылмыстық кодексі «Азаптау» 141-1 бабымен толықты. Ол бойынша, тергеу жүргізуші тергелуші адамнан қылмысын мойындату мақсатында оған физикалық және психикалық жапа көрсеткені үшін жауапкершілікке тартылады. «Таразының бір басында заңдар мен халықаралық қауымдастықтар тұрса, екінші басында туыстық байланыстар мен корпоративтік қызығушылықтар бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз сөзінде бір емес, бірнеше рет құқық қорғау органдарының қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігін, заңдылық пен құқық қорғау тәртібін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын қорғауды күшейту керектігін айтты. Жақында Мемлекет басшысы жиындардың бірінде ҚР ІІМ басшысына: "Полицейлер халыққа қызмет ету үшін жүр. Сіздер қабылдаған жастарды тәрбиелеу керек. Неге мұндай тәрбиелеу жұмыстар жүргізілмейді, неге мұндай адамдарды сіздер жұртшылықтың алдында жазаламайсыздар?», - деген еді.
Баспасөз конференцияның қорытындысы бойынша, ҚР Бас прокурорына, ҚР Жоғары сотының төрағасына, ҚР Президенті әкімшілігі жанындағы адам құқығы бойынша Комиссиясы мен ҚР Адам құқығы бойынша уәкілге үндеу жолданды. «Бұл мәселеге шұғыл араласуларыңызды сұраймыз, біреуді азапқа салған адам ешқандай жағдайда ақталмауы тиіс», - деп жазылған жамбылдық құқық қорғаушылар мен БАҚ өкілдері қол қойған үндеуде.