Президенттің 2 млрд ағаш егу тапсырмасы неге кейінге қалдырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Президенттің 2 млрд ағаш егу туралы тапсырмасы неге 2025 жылдан 2027 жылға шегерілгенін түсіндірді.

− Біз 2023 жылы күзден бастап, 2 млрд ағаш егу жобасы бойынша жан-жақты зерттеу жүргіздік. Ең бірінші тәлімбақтарда көшеттің бар-жоғы, қанша тұқым жиналғаны тексерілді. Себебі біз тұқымды да, көшетті де егеміз. Соның бәрін зерттей келе, 2025 жылы 2 млрд ағаш егу жоспарын толық орындай алмаймыз деген ұйғарымға келдік. Сол себепті Президентке хат жазып, жобаны 2027 жылға дейін ұзарттық, − деп жауап берді Е.Нысанбаев Сенатта тілші сұрағына.
Министрдің айтуынша, өткен жылы 500 тоннадай тұқым жиналды, ағаштардың ең көп көлемі 2027 жылға қалып отыр. Себебі қылқан жапырақты ағаш көшетін 2027 жылы отырғызу үшін биыл көктемде тұқымын өсіруді бастау керек.
Сол себепті қазір тәлімбақтарда ағаш өсіру мәселесі жіті қадағалауда. Бүгінгі күні ел бойынша 1 млрд 115 млн ағаш отырғызылған.
− Екіншіден мекемелерге жетіспейтін техниканы осы жылдары алып, келесі 2027 жылдары алға қойған жоспарларды толық іске асырамыз. Егілген ағаштарға да қатаң бақылау жасалып отыр. Бұған дейін ағаш еккен, бірақ нормативтік санға жетпеген өңірлер де есепке алынады. Мысалы, қарағайлар бір өңірде 1 гектарға 7 мыңнан астам егілсе, бір өңірде екі есе аз, себебі топырағы құнарсыз. Осындай өңірлерді анықтап, нормативке жеткізу де қарастырылып жатыр, − деп түсіндірді Е.Нысанбаев.
Еске сала кетсек, Президент Қ.Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 5 жылда 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын.