Президенттің 9-15 қазан аралығындағы апталық жұмысына видеошолу
Ақорда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9-15 қазан аралығындағы апталық жұмысына видеошолу ұсынды, деп хабарлайды Кazinform.

9 қазанда Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміз бойынша кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, тонау және мал ұрлығына қатысты қылмыстар санының айтарлықтай төмендеуіне ықпал еткен алдын алу шаралары туралы мәлімет берілді.
Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Жыл басынан мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылғаны баяндалды.
10 қазанда Президент жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Онда сапарын Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады.
Кейін былтыр бой көтерген «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесті. «Шын мәнінде, еңбек адамдары халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын»,– деді Мемлекет басшысы.
Одан әрі Қызылорда облысындағы маңызды нысандардың жобасымен танысты.Президент Қызылордада салынып жатқан ЖЭО-ны мерзімінде іске қосуды тапсырды.
Темірбетон бұйымдары зауытына, «Алтын орда» күріш зауытына барды.
Мемлекет басшысы 11 қазан күні өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысына қатысушыларға үндеу жолдады.
Қытайда өткен Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады.
Отандастар форумына қатысушыларға үндеу жасады.
ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткізді. Онда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі проблемалар қарастырылды.
Жыл сайын өтетін Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумына қатысып, сөз сөйледі. Форум аясында бірқатар шетелдік компанияның басшыларымен кездесті.
12 қазанда Президент Алматы әкімі Ерболат Досаевты қабылдап, 9 айда атқарған жұмысын тыңдады.
Сол күні «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлына қазақ тілін дамытуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
13 қазанда Мемлекет басшысы Қырғызстанға жұмыс сапарымен барды.
Онда ТМД-ға мүше мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысып, сөз сөйледі.