Президенттің бір аптадағы жұмысына шолу

Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16-22 қазан аралығындағы жұмыс аптасына видеошолу жариялады, деп хабарлайды Кazinform.

ақорда
Фото: Кazinform

Атап айтқанда, 16 қазанда Мемлекет басшысы ақын Несіпбек Айтұлының қазасына байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Осы күні Президент Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды.

17 қарашада Қ.Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. ҚХР Төрағасы өз шақыруын қабыл алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті. Осы келіссөз нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды.

ҚР Президенті Бейжіңде Әбу Насыр Әл-Фарабиге орнатылған бюстті салтанатты түрде ашты.

Кейін Қ.Тоқаев Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті. "40 жылдан кейін білім алған университетіме келіп, өзіңізді аман-сау көргеніме өте қуаныштымын. Мен сіздің еңбекқорлығыңызды, табандылығыңыз бен ерік-жігеріңізді ерекше бағалаймын. Сіздің шәкірттерге берген біліміңізге баға жетпейді", - деді Президент. Одан әрі Бейжің Тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр Әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен жүздесті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнді, YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяоны, CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдады.

Ал CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен әңгіме барысында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Қытайдың СRRC компаниясымен құны 1,3 млрд доллар болатын келісімге қол қоятыны белгілі болды.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесуде Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамып жатқаны туралы атап өтті.

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен әңгіме барысында ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағаны айтылды.

Қазақстан Президенті жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ІІІ форумына қатысатын делегация басшыларының құрметіне орай ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің атынан ұйымдастырылған ресми қабылдауға қатысты.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» форумының аясында бейресми жағдайда Индонезия Президенті Джоко Видодомен, Пәкістан Премьер-министрінің міндетін атқарушы Анвар-ул-Хак Какармен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен жүздесті.

Қ.Тоқаевтың ҚХР-ға сапары шеңберінде жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа, соның ішінде инвестициялық, сауда келісімдеріне, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу және тағы да басқа бағыттарды қамтитын келісімшарттарға қол қойылды.

18 қазанда Мемлекет басшысы Қытайда «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығы III форумының ашылу рәсіміне қатысты. Форумда Қытай Төрағасы Си Цзиньпинь, Ресей Президенті Владимир Путин, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Жалпы шараға 20-дан астам мемлекеттің басшылары және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Осы күні Қ.Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласына барды.

Онда ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.

19 қазанда ҚР Президенті Астанада басталған VI Азаматтық форум қатысушыларына үндеу жолдап, Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер қоғамда жаңа этика қалыптастыруды талап ететінін атап өтті.

20 қазанда елордада Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің геология саласына еңбек сіңірген бір топ қайраткермен – ҚР ҰҒА академигі Серікбек Дәукеевпен, «Меридиан Петролеум» ЖШС директоры Балтабек Қуандықовпен, Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры Герой Жолтаевпен және «Минералдық ресурстар академиясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Болат Үжкеновпен кездесті.

21 қазанда Мемлекет басшысы Ғалымжан Қойгелдиевті Қазақстан Бас прокурорының орынбасары лауазымына тағайындады.

Сондай-ақ Нұрдәулет Сүйіндіков Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы болды.

Жалпы осы апта ішінде болған кадрлық тағайындауларды мына жерде оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар