Президенттің Жапонияға сапары: 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды

АCТАНА. KAZINFORM – Президенттің Жапонияға сапары аясында сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президенттің Жапонияға сапары: құны 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды
Фото: Ақорда

Президент Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізетінін атап өтті.

- Сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты жандандыруға баса мән беру қажет. Былтыр өзара сауданың көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді. Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты. Қазақстан ұзақ уақыттан бері ірі жапон корпорацияларымен табысты қарым-қатынас орнатты. Біз елімізде еңбек етіп жатқан Жапонияның шағын және орта компанияларының қызметіне қолдау көрсетіп келеміз. «Орталық Азия – Жапония» форматындағы бизнес форумында екіжақты байланыстарды жандандырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті уағдаластықтарға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Жапонияға сапарымның аясында 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер де бар, - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 17 желтоқсан күні Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды.

Қазақстан Президентін Токио қаласының Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу қарсы алды.

Ал 18 желтоқсан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Император Нарухитоның атынан ресми қабылдау өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Жапонияда білім алып, түрлі салада қызмет етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті. Мемлекет басшысы Жапония сияқты дамыған елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айтты.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Жапония Премьер-министрінің атынан Орталық Азия елдері басшыларының құрметіне арналған ресми қабылдауға қатысу үшін Акасака мемлекеттік сарайына барған болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар