Проблемалы нысан салымшыларының 90% баспаналы болды – Жеңіс Қасымбек
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлерге қатысты Үкіметте есеп берді.

«Өткен жылдың басында елордада 16 проблемалық нысан болды. Бұл 32 тұрғын үй, яғни 4 мыңнан астам үлескер. Бүгінде олардың 90% баспаналы болды. Қалған 484 отбасы биыл маусымның соңына дейін пәтерлерінің кілтін алады. Қазір қалада 401 тұрғын үй салынып жатыр», - деді Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында.
Елорда әкімі келтірген статистикаға сүйенсек, былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 14,9%-ға ұлғайған. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы 58,1%-ға артып, 3,8 млн шаршы метр баспана берілді.
Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек құрылыс жұмыстарының биыл да сол қарқында жүргізілетінін тілге тиек етті.
Еске сала кетейік, қазір Астанада 40 872 адам тұрғын үй кезегінде тұр.
Айта кетсек, бүгін Үкімет отырысында G-Park компаниясының елордада рұқсат құжаттарынсыз 7 тұрғын үй салып жатқаны айтылды.