«Проблемалық кредиттер қоры» басқармасының бұрынғы төрағасы ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен Қаржы министрлігінің «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасын ұстады. 

Проблемалық кредиттер қоры басқармасының бұрынғы төрағасын ұстады
Фото: ҰҚК

ҰҚК мәліметінше, тергеу материалдарына сәйкес, ол жекеменшік иесіне қорға аударылуға тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен ақша қаражатын ұстап қалу құқығын заңсыз беріп, мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келтірген.

— Бұдан бөлек, ол мемлекеттік мүлікті төмендетілген құнмен сатқан, осының салдарынан бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспей қалған. 

Сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатып, қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірген борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары ұсталды, — делінген хабарламада.

Соттың санкциясымен олар Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, мүлікке тыйым салынды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетелік Маңғыстауда ҰҚК экс-орынбасары мен Ақтау әуежайы аудиторы 500 мың доллар бопсалағаны үшін сотталған еді

Соңғы жаңалықтар
Референдум