Қазақ тілін ЖИ дәуіріне бейімдеуіміз керек – Сұраған Дөрбетхан
АСТАНА. KAZINFORM – Назарбаев Университетінде (NU) Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «ЖАС ҒАЛЫМ - VІІ» студенттердің республикалық ғылыми конференциясы өтті. Қазақстанның 15 жетекші ЖОО студенттері бас қосып, Абайдың заманауи білім мен ғылым кеңістігіндегі маңыздылығын талқылады.

NU Қазақ тілі мен түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлу осымен жетінші жыл қатарынан студенттердің қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, мемлекеттік тілдің жастар арасындағы беделін арттыру үшін жиын ұйымдастырып келе жатқанын айтты.
− Мен 2017 жылы осы кафедра меңгерушісі болып келдім және қазақ тіліне жете мән беруге тырыстым. Алдымызға қазақ тілін құрметтейміз, оның мәртебесін көтереміз деген мақсат қойдық. Одан кейін 2019 жылы қазақ тілі ғылым тілі болуы үшін «Жас ғалым» конференциясын өткізуді бастадық. Биыл жетінші рет бас қосып отырмыз. 2023 жылдан бастап, «қазақ тілі — ғылым тілі» сериясында ғылыми жұмыстарды жазу бойынша баяндамашыларды шақырамыз. Мысалы 2023 жылы бұл кездесуге танымал Асқар Жұмаділдаев келген еді. Біздің кафедрада 20-дан астам оқытушы практикалық қазақ тілінен сабақ береді. Университетімізде қазақ тілі бойынша талап бар, әрбір студент қазақ тілінен дәріс алуы керек деген міндеттеме бар, - деді Ю. Шамилоғлу агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
NU профессоры және академик Сұраған Дөрбетхан тілді дамыту үшін оны қазіргі ғылыми сұраныстармен байланыстыру керегін айтты.
− Тіл дегеніміз — тірі ағза. Оны қолданбасаңыз, керектігін көрмесеңіз, дамыту да қиындайды. Әрине, қазақ тілі орныққан тіл, жоғалып кету қаупі жоқ, бірақ менің ойымша тілді ғылыми тұрғыда дамытуымыз керек. Біз қазір ақпараттық дәуірден жасанды интеллект дәуіріне өттік. Жасанды интеллект дәуіріне де қазақ тілін бейімдеуіміз керек. Бұл үшін біздің университетте Жасанды интеллект институты ашылды, ондағы ғалымдар ЖИ-ды қазақша сөйлетумен айналысып жатыр. Қазір жасанды интеллект қазақша сөйлей алады, қазақша ойлана алады, қазақша тұжырым жасай алады. Сондықтан құр сөзбен «тіліміз бай» деп айта бергеннен ештеңе өзгермейді, нақты істер мен қадамдар да жасалуы керек. Қазақ тілі бізге ғана керек емес. Қазақ тілі — әлемдік өркениет пен мәдениеттің бір бөлшегі. Әртүрлі тіл, әртүрлі ойлар — тұтас адамзаттың алға басуына, дамуына әкеледі. Сондықтан ана тілімізді дамытсақ, сақтай алсақ, жалпы адамзатқа пайда әкелеміз, - деді С. Дөрбетхан.
Конференцияның ашылуында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бұл шараның Қазақстан Президентінің IV жалпыхалықтық Құрылтайда айтқан сөздерінің өзектілігін нақты көрсететінін атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде 2025 жыл — Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы екенін айтып, оның мұрасы жастар арасында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізген еді.
− Абай феномені — қазақ әдебиеті мен философиясының ғана емес, тұтас ұлттың рухани өзегі. Абай бізге «Толық адам» болудың жолын көрсетті және қанағат, рақым, ойлы жүрек деп келетін даналық сөздері — бүгінге дейін біз үшін темірқазық болатын бағыт-бағдарлар. Абай шығармалары мен ой-пікірлері өз заманында ұлттық сана мен мәдени бірегейлікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Оның еңбектері қазір де әлеуметтік-мәдени өзгерістерді түсінуге нақты көмегін тигізеді деп санаймыз. Екінші бағыт — Абай шығармаларының интеллектуалды әлеуеті. Абай өз шығармаларында сыни ойлау, өзін-өзі жетілдіру қажеттігін үнемі айтып келді. Бұл принциптер қазір де білім беру жүйесі мен азаматтық қоғамның дамуына ықпал етеді. Сондықтан, жаңа дәуірге аяқ басқанда Абайдың парасаты ауадай қажет екенін сезініп отырмыз, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Өз кезегінде NU президенті Вакар Ахмад конференцияны жас ғалымдар үшін маңызды алаң ретінде бағалап, студенттердің зерттеу қабілетін дамытып, заманауи өзекті мәселелерге шешім іздеуге мүмкіндік беретінін айтты. Вакар Ахмад Назарбаев университетінің ғылыми ынтымақтастық пен бірлескен жобаларға әрдайым ашық екенін және академиялық пікір алмасу кеңістігін ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Бағдарлама төрт негізгі бағытты — қазақ тілінің лингвистикасы, қазақ әдебиеті, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және жаратылыстану, техникалық және медициналық ғылымдарды қамтыды. Қатысушылар баяндамалар жасап, әр бағыттағы үздік жұмыстар марапатталды және «Ziyaly» ақпараттық порталында жарияланатын болды.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады және ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.