Психикалық ауытқуы бар адам қандай жағдайда мәжбүрлеп емдеуге жіберіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада болған оқиғадан кейін Kazinform тілшісі мінез-құлқында психикалық бұзушылық бар балалар мен жасөспірімдерге көрсетіліп жатқан шараларға шолу жасады.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде Астанада 5252 кәмелетке толмаған бала психиатр-дәрігердің динамикалық бақылауында тұр.
Ережеге сәйкес, психиатр-дәрігер баланың жағдайын кемінде айына бір рет қарауы тиіс. Алайда, ведомствода пациенттердің қандай жағдайда стационарлық емдеуге жіберілетіні нақтыланбаған.
— Психикалық ауытқуы бар адамды динамикалық бақылау мәселелер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі баптарымен және Денсаулық сақтау министрлігінің «Психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығымен реттеледі, — деген жауап алдық агенттік жолдаған ресми сауалға.
Мінез-құлқында ауытқуы бар пациент психиатриялық стационардан шыққаннан кейін қабылданатын шаралар:
- психиатр-дәрігер пациентті динамикалық байқауды жүзеге асыру қажеттігі, қарап-тексеру жүргізудің тізбесі, көлемі, кезеңі, зертханалық зерттеулер мен байқау мерзімі туралы ақпарат береді;
- жазбаша келісім болған жағдайда психикалық ауытқуы бар жанға динамикалық байқау белгіленеді;
- психикалық ауытқуы бар адам немесе оның заңды өкілі келісімнен бас тартқан жағдайда, мәселе дәрігерлік-консультациялық комиссияның қарауына жіберіледі;
- психикалық ауытқуы бар адамды динамикалық байқауға алған кезде пациентті қарап тексеруді жүргізеді, байқау мен тексерудің уақытын, денсаулық сақтау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру қажеттігі айқындалады және емдеудің жеке жоспары мен оңалту бағдарламасы жасалады;
- диагностикалық зерттеулердің нәтижесіне, бейінді мамандардың қорытындылары мен ұсынымдарына арасында тексеру және бағалау жүргізіледі;
- қажет болған жағдайда түзетулер енгізе отырып, емдеу, оңалту (реабилитациялық) іс-шараларының тиімділігіне мониторинг пен бақылауды жүзеге асырылады;
- нақты айғақтар болған кезде құжаттарды және медициналық-әлеуметтік сараптамаға, медициналық-әлеуметтік оңалтуға, стационарды алмастыратын, стационарлық, оның ішінде мәжбүрлеп емдеуге жіберу рәсімделеді;
- денсаулық сақтаудың бейінді мамандарының кеңесіне, қажетті зертханалық және аспаптық тексерулерге, психологтың қарауына, әлеуметтік қызметкердің және өзге де мамандардың консультациясына жібереді;
- дәрігер-психолог тұрғылықты жері бойынша психикалық ауытқуы бар адамға барады;
- медициналық-әлеуметтік көмек көрсету деңгейлерінің, шарттары мен түрлерінің сабақтастығын жүзеге асырады;
- пациент туралы барлық дерек электрондық денсаулық сақтау жүйесінде жазылады.
Еске сала кетсек, елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай пышақпен шабуылдаған жасөспірім арнайы есепте тұрған.
Дәрігерлер зардап шеккен балаға дереу ота жасап, психологиялық көмек көрсетті.
Сондай-ақ елордалық дәрігерлер жасөспірімнің пышақпен шабуылына ұшыраған 5 жасар балақайдың жағдайы ауыр екенін айтқан еді.