Психолог лудоманның жақындары тарапынан жіберілетін ең үлкен қателік туралы айтты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Лудомания күннен-күнге өршіп барады. Бірақ миды арбаған, сананы шырмаған дерттен құтылу қиынның қиыны. Психолог Назира Аймаханова өз тәжірибесінде құмар ойынға адам екі түрлі себеппен баратынына көз жеткізген.

— Біріншісі — көрсоқырлық, яғни үсті-үстіне ақша тапсам, оңай әрі тез байысам деген ой. Жалпақ тілмен айтқанда, күрек ұстамай «Лексус» міну. Екіншісі — ойынның рахатына бату. Бірақ оған баспен кіріп кеткенін, қарызға батып, отбасына зиян келтіріп жатқанын өзі байқамайды, — деді маман.
Оның айтуынша, бұл дертке ұшыраған адам өзімен-өзі оқшау қалады, тұйықталады, көп адамнан қарыз сұрайды. Қарыз берген кісілер оған хабарласа алмайды. Сондықтан әке-шешесін, бауыры немесе әйелін мазалауға мәжбүр болады. Ет жақындары оның құмар ойынның құрығына ілінгенін сол кезде бір-ақ біледі екен.
— Пациенттердің құмарлығы былтыр, екі не бес жыл бұрын пайда болмаған. Ең әрісі жетінші сыныпта оқып жүргенде басталған. Мектепте оқитын балада ненің ақшасы деп ойладым. Сөйтсем, төменгі сыныптың оқушыларына қысым көрсетіп, кішігірім әлімжеттік жасауға дағдыланған екен. Студент кезде достарының «жүр де жүр» деуімен жүз теңгеден бәс тігіп бастаған пациенттер болды. Құмар ойынның түрі өте көп. Казино, компьютерлік ойындар бар, instagram, TikTok-та да ондай толып жатыр. Қоғамның басты капиталы — адам екенін ескерсек, мұны адамға жасалған жауыздық деп есептеймін, — деді Назира Аймаханова.
Психологқа жүгінетіндер арасында қыз-келіншектер көбейген.
— Олар бұл жолға бала күнінде көрген жоқшылықтың орнын жабу үшін барады дей алмаймын. Мысалы, бала күтімімен үйде отырған бір әйел күйеуіне көмектескісі келіп TikТок арқылы 5 мың теңге салған. Оны 50 мыңға айналдырып аламын деп ойлаған. Үсті-үстіне қарыз алып, енді сол 5 млн-ның үстіне шығып отыр. Күйеуі екеуі ажырасуға мәжбүр болды. Екі ортада бес балаға обал. Лудоманның жақындары тарапынан жіберілетін ең үлкен қателік — оның қарызын жауып беруі. Содан мені қарыздан тағы құтқарады деген түсінік қалыптасады. Бірақ адамның жүйкесі темір емес. Бір төлейді, екі төлейді, шамасы құриды. Ойынға салынған ұл-қыздың жолында үйін, мал-мүлкін салып «енді тек өзімді беру қалды, қараңды батыр» деп безінген ата-аналар болды. Қызылордалық жігіт анасының атындағы үйдің құжатын ұрлап, сыртынан рәсімдеп, сатып жіберген, — деді маман.
Психолог адам тығырықтан жалғыз өзі шыға алмайтынын айтты.
— Ойынқұмар адамның туған-туыстары хабарласқан кезде «ол өз еркімен келмейінше күштеп көмектесе алмайсыз» деп бірден бас тартамын. Келген күннің өзінде бір ғана психологтың көмегімен оңалып кету қиын. Біз тек оның өзіне-өзі қол жұмсамауына, қалпына келуіне көмектесе аламыз. Одан әрі бірыңғай лудомандарды емдеумен айналысатын тәжірибелі психологқа, психиатрға қаралып, үзбей ем алғанда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады, — деді ол.
Жақында қазақстандық отбасылық психолог, психотерапевт Серікгүл Сәли мектептегі буллинг, қысымды тоқтатудың жолдарын атады.
Назерке Саниязова.