Путин: ЕАЭО елдері бірыңғай энергетикалық нарыққа әлі дайын емес, бірақ біз соған бара жатырмыз

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) бұрынғы Кеңес одағы кеңістігіндегі ең терең интеграцияланған бірлестік деп атады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

ЕАЭО
Фото: Gov.kz

— Бұл құрылым сөз жүзінде емес, іс жүзінде интеграцияланған. Бір кездері Қазақстан ЕАЭО құру бастамасын көтерді, бұл үшін біз достарымызға алғыс айтамыз. Қазір бұл ұйым дамып келеді. Әрине, бәрі біркелкі, оңай бола бермейді. Мүмкін, энергетика саласының кейбір бағыттары бойынша әлі толық бірыңғай нарық құруға дайын емес шығармыз. Бірақ біз соған бара жатырмыз. Біз бәрібір бұл мақсатқа жетеміз. Мұнда ешқандай күмән жоқ. Мәселе – уақыт пен қарқынға байланысты, — деді Владимир Путин Беларусь БАҚ өкілі қойған сұраққа жауап бере отырып.

Сондай-ақ ол ЕАЭО елдері арасында энергия ресурстарын жеткізу бойынша тұрақты түрде талқылаулар жүріп жатқанын айтты.

— Біз бұл мәселелерде жол таба аламыз. Кейде, тіпті өте тың әрі ерекше шешімдерге де келіп жатамыз. Алдағы уақытта да солай болатынына сенімдімін, — деді Ресей Президенті.

Айта кетейік, осы жиында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының 95%-ға жуығы ұлттық валюталармен жүзеге асырылатыны айтылды.

Бұған дейін Владимир Путин Иран мен Израиль арасындағы жанжалды шешудің жолы туралы айтты.

Сондай-ақ Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуда ешқандай қиындық жоқ екенін жеткізді.

Ресей Президенті ҰҚШҰ қызметінің ешқашан үшінші елдерге қарсы бағытталмағанын мәлімдеді.

Ресей Қазақстанмен энергетикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр.

Соңғы жаңалықтар