Qarmet болат өндірісін 13%-ға дейін ұлғайтты

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатында болды. Биылғы бес айда кәсіпорын қатты болат өндірісін 13%-ға — 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Qarmet металлургиялық комбинаты
Фото: Үкімет

Премьер-министрге қуаттылығы жылына 4 млн тоннаға дейін сұйық болат конвертер цехының алаңында Президенттің тапсырмасына сәйкес өндірістік қуаттарды табиғи газға қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндалды. Өткен жылы № 1 және № 2 конвертерлерге күрделі жөндеу жүргізіліп, корпустар толық ауыстырылды, анағұрлым заманауи әрі орнықты конструкциялар орнатылды. Бұл болат балқыту көлемін ұлғайтуға және цехтың өндірістік тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Теміртау
Фото: Үкімет

Мұнда Олжас Бектенов № 8 және № 9 кокс батареяларының құрылысымен танысты. Қуаттылығы жылына 1,5 млн құрғақ кокс болатын инвестициялық жоба Премьер-министрдің 2024 жылғы 5 қарашада Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде қытайлық ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Co., Ltd компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. 2027 жылға жоспарланған өндірістің негізгі параметрлері таныстырылды.

Qarmet басшылығы жаңа құю-прокат кешенін салу жобасын жүзеге асыру туралы баяндады. Кешенді іске қосу автомобиль, химия, мұнай, құрылыс және басқа да салалар үшін болаттың премиум маркаларын өндіруді игеруге мүмкіндік береді. Жоба қазақстандық болатты өткізу нарықтарының географиясын кеңейтеді, энергия шығынын төмендетеді және өндіріс кезінде қоршаған ортаға әсерін азайтады.

Qarmet металлургиялық комбинаты
Фото: Үкімет

Сондай-ақ зауыттың айналасындағы шағын және орта бизнестің өнеркәсіптік белдеуінің жобасы таныстырылды. ШОБ қаптамалар мен сүзгілерден бастап жарық техникасы мен болаттан жасалған бұйымдарға дейін қосылған құны жоғары өнімдер шығарады. Алғашқы офтейк-келісімшарттар жасалды, кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдар және жылына $87 млн сомасына өнімді кепілді өткізу ұсынылды.

Премьер-министр Теміртау қаласындағы жылу желілерін реконструкциялау учаскесін қарап шықты. Жоба коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде жүзеге асырылуда және диаметрі 820 мм 8 шақырымнан астам құбырды ауыстыруды көздейді. Жаңа құбырлар заманауи жылу оқшаулағыш материалдармен және қорғаныс қаптамасымен жабдықталған, бұл жылу шығынын айтарлықтай азайтуға және қаланың Шығыс және Орталық аудандарын сенімді жылу көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Qarmet металлургиялық комбинаты
Фото: Үкімет

Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық ерекше бақылауда екенін атап өтті. «Қызыл аймаққа» енгізілген Теміртау сияқты қалаларға назар аударылады. Облыс әкімдігіне күн суытқанға дейін жылумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруды аяқтау тапсырылды. Энергетика министрлігі — барынша жәрдем көрсетуі керек, Қаржы министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде сумен жабдықтау желілерін салу жөніндегі жобаларды қаржыландыру мәселесін басты назарда ұстауы тиіс.

Нұра ауданында орналасқан «Рамадан сүт фермасы» ЖШС-не барған Олжас Бектенов өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен танысты. Жаңа кәсіпорын еуропалық стандарттар бойынша жарақтандырылып, Қарағанды облысындағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналады. 1,1 мың бас голштейн-фриз малын ұстауға арналған жеке жемшөп өндірісі қарастырылған, оның ішінде 880 сиыр күн сайын сауылады. Ферма 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында толық қуатына шығады және жылына 9,5 мың тоннадан астам сүт өндіруді қамтамасыз етеді. Өнімдер Қарағанды облысы мен Астана қаласының сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізілетін болады. Жоба аясында 70 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Премьер-министр мемлекеттің ауқымды қолдауының арқасында фермерлер өз кезегінде тұрақты нәтижелерді қамтамасыз етуі, өндірісті жаңғыртуы және ауылдағы өмірді жақсартуға қатысуы тиіс екенін атап өтті.

«Рамадан сүт фермасы» ЖШС
Фото: Үкімет

Облыс әкімдігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп егін жинау жұмыстарына сапалы дайындалу және қажетті азық-түлік қорын қалыптастыру тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шегірткелердің таралуына жол бермеу және егіс алқаптарын қорғау шараларын қамтамасыз ету міндетін қойды.

— Мемлекет басшысы бізге өнеркәсіпті дамытуды арттыру міндетін қойып отыр. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 6%-ға өсті. Бұл ретте біз экономика құрылымын әртараптандыру жөніндегі жұмысты әрі қарай күшейтуге тиіспіз. Қарағанды облысы еліміздің негізгі өнеркәсіптік өңірі саналады. Бүгінгі таңда біз қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту бойынша нәтижелерді көріп отырмыз. Барлық кәсіпорындар осыған ұмтылуы керек. Импортты алмастыру — біздің басты міндетіміз. Үкімет осындай өндірістердің дамуын толық қолдайтын болады. Өз кезегінде бизнес заманауи технологияларды енгізу, шығарылатын өнім сапасын арттыру және экспорттық әлеуетті жетілдіру секілді қарсы міндеттемелерді орындауы тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

«Рамадан сүт фермасы» ЖШС
Фото: Үкімет

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мүдделі органдармен бірлесіп кәсіпорындардың қуаттарын тұрақты жүктеуді және сабақтас өндірістердің бүкіл тізбегін дамытуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұған дейін Бектенов Қарағанды облысындағы өнеркәсіп пен АӨК-ті дамыту барысын тексергенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар