QazaqGaz: Теміртау мен Жезқазғанда газ мамандарының вахталық кешендері іске қосылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысына іссапар аясында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов газ объектілерінің жылыту маусымы кезіндегі жұмысын тексеріп, вахталық персоналға арналған жаңа кешендермен танысты. 

Қарағанды облысында газ мамандарына арналған заманауи вахталық кешендер іске қосылды
Фото: QazaqGaz

Вахталық кешен Теміртау және Жезқазған желілік-өндірістік басқармаларының қызметкерлеріне арнап салынды. Бұл құрылымдар QazaqGaz компаниясының еншілес ұйымы — «Интергаз Орталық Азия» АҚ қарамағында. Әр кешен орналасқан жер телімінің аумағы — 10 150 м², ал құрылыс алаңы — 1 172,42 м².

Жұмысшыларға арналған қолайлы жағдай

Әр кешеннің құрамында:

• 23 қызметкерге арналған әкімшілік-тұрмыстық ғимарат (жұмыс кабинеттері, оқу сыныбы, мұрағат, сервер бөлмесі, медициналық және емшара кабинеттері);

• 12 адамға арналған жатақхана (тұру, демалу, ас дайындау және тамақтану бөлмелері);

• заманауи жабдықталған жаттығу залы;

• кір жуу, үтіктеу, арнайы киімдерді кептіруге арналған бөлмелер;

• душ және киім шешетін бөлмелер;

• бақылау-өткізу пункті — бейнебақылау және кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталған.

Қарағанды облысында газ мамандарына арналған заманауи вахталық кешендер іске қосылды
Фото: QazaqGaz

«QazaqGaz» ҰК» АҚ басшысы Әлібек Жамауов еңбек адамдарына жағдай жасау компания жұмысының негізгі қағидаттарының бірі екенін атап өтті.

— Қызметкерлерге қамқорлық жасау, өндірістік нысандарда қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру — компаниямыздың басты ұстанымы. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарына деген қамқорлық ерекше мәртебеге ие болды. Заманауи вахталық кешендердің іске қосылуы вахташылардың өмірін ұйымдастыруды жаңа деңгейге көтереді және жұмыс тиімділігіне тікелей әсер етеді, — деді ол.

Жылдам салынған әлеуметтік нысандар

Жаңа кешендер бұрын қолданылған уақытша вагон үйлер мен жалдамалы баспаналардың орнын басты. Әлеуметтік нысандар белгіленген мерзімнен бұрын — бар болғаны 7 ай ішінде пайдалануға берілді.

Қарағанды облысында газ мамандарына арналған заманауи вахталық кешендер іске қосылды
Фото: QazaqGaz

Құрылыстың жылдам аяқталуына функционалдылығы жоғары, жылу үнемдейтін және дыбыс оқшаулауы күшейтілген заманауи блокты-модульдік конструкцияларды қолдану мүмкіндік берді.

Жылыту маусымы және қауіпсіздік мәселесі

Сонымен қатар, Әлібек Жамауов Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы жылыту маусымының өту барысымен танысты. Бұған дейін газ инфрақұрылымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 50,7 км газ құбырларына аспаптық тексеру жасалған.

Тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Төтенше жағдай департаменттерімен бірлесіп тұрғындарға SMS-хабарламалар жолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Филиалдың жедел әрекет етуі үшін 16 арнайы техникамен жабдықталған автопаркі бар.

Газ мамандары тұрғындарды табиғи газды пайдалануда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады: үй-жайды жиі желдетіп, газ жабдықтарын қараусыз қалдырмауды және газ иісі сезілген жағдайда дереу «104» нөміріне хабарласуды ескертеді.

Соңғы жаңалықтар