QazaqGazAimaq Қызылорда филиалы тағы қомақты айыппұл төледі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – QazaqGazAimaq АҚ Қызылорда өндірістік филиалына табиғи монополиялар туралы заңнама талабын бұзғаны үшін қосымша 18,3 млн теңге көлемінде әкімшілік жаза қолданылды. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мәлімдеді.

Комитет филиал қызметінде анықталған заңбұзушылықтар туралы ақпарат жариялады. Атап айтқанда, реттеліп көрсетілетін қызметтерге қосылу үшін техникалық шарт беру кезінде филиал тұтынушылардан заңнамада көзделмеген қосымша талаптар қойып, құжаттар талап еткен.
Ал бұл тұтынушылардың құқықтарына және заң нормаларына қайшы. Департамент пен филиал арасындағы сот процесі аяқталғаннан кейін филиалдың кінәсі толық дәлелденді.
QazaqGazAimaq өкілдігіне бұған дейін 61,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынған болатын. Осылайша жалпы әкімшілік айыппұл сомасы 79,6 млн теңгеге жетті. Әкімшілік айыппұл толық көлемде төленіп, мемлекет бюджетін толықтырды.