«Qnet» қаржы пирамидасын ұйымдастырған 5 адамнан қымбат көлік, бірнеше пәтер тәркіленді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордада «Qnet» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру ісі бойынша сот үкімі шықты.

Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметіне сүйенсек, күдіктілер азаматтарды көпдеңгейлі маркетингтік желі мен электронды коммерцияға инвестиция салуға, оның ішінде жалған «QVI tripsaver» саяхат карталарын және зергерлік бұйымдарды сатып алуға үгіттеген.
Қылмыстық іс бойынша тергеуді қаржы мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жүргізді.
– Қатысушылардың салымы 840 мыңнан 4 млн теңгеге дейін ауытқып, міндетті шарт ретінде басқа қатысушыларды тарту талап етілген. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 51 адам қатысып, олар 63 миллион теңгеден астам қаражат салған. Сот шешімімен пирамида жұмысын ұйымдастырған 5 адам кінәлі деп танылып, оларға 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар олардан құны 301 млн теңге болатын Астана қаласындағы 7 пәтер және «Toyota Camry» автокөлігі тәркіленді.
Еске салайық, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2019-2022 жылдары Қызылорда қаласы мен Қызылорда облысының аумағында «Qnet» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша 1990 жылы туған Қазақстан азаматы Алмас Жұбанаевқа іздеу жариялаған болатын.