Qnet және өзге де пирамидалар: 40 млн теңге шығын, 9 адам сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы үш жылда Ақмола облысында қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілеріне байланысты 10 қылмыстық іс тіркелген («Charoit», «Qnet», «Асар баспана», «Chai Tai», «S-Group», «Лайм Академия», «ChiaTai Tianging», «Buyers Union»).

Облыстың 9 тұрғынына қатысты әртүрлі қылмыстық жаза тағайындалды.
— Көкшетау қаласында «Qnet» қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін 26 жастағы А.Киргабакова және 24 жастағы Қасымхан 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Киргабакова «Instagram» парақшасын белсенді түрде жүргізіп, жаңа қатысушыларды тарту мақсатында сән-салтанатты өмір салтын саяхат, қымбат көліктер мен қомақты табысын көрсеткен.
Ұйымдастырушылар желілік маркетинг схемаларын қолданып, өз қызметін Малайзиялық компания арқылы жасырып, азаматтарды «QVI tripsaver» атты жалған туристік карталар мен зергерлік бұйымдарды сатып алуға шақырып, жоғары табыс уәде еткен. Міндетті шарт — жаңа қатысушыларды тарту болған, себебі салымшыларға төлем тек жаңадан тартылған азаматтардың қаражаты есебінен жасалған, — делінген Ақмола облысының прокуратурасы хабарламасында.
Салдарынан, сотталғандар 39 адамды қаржы пирамидасына тартқан, келтірілген шығын 40 млн теңге.
Айта кетелік Harmony Rider Technology қаржы пирамидасы ақтөбеліктерден 197 млн теңге жымқырған еді.