QR-код, бірдей көлем, салмағын жеңілдету — мектеп оқулықтары қалай өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 5 жылда оқулықтарды дүркін-дүркін өзгерту кесірінен ел экономикасына 16 млрд теңге шығын келген. Бұндай деректі жыл басында Жоғары аудиторлық палата келтірген еді. Жалпы мектеп оқулықтары не үшін жиі өзгереді? Биыл қай сыныптардың оқулығы жаңарды? Тақырыпты Kazinform агенттігі тілшісі тарқатады.

Астана тұрғыны Индира Қуанышева балалары зілдей ауыр сөмке арқалап мектепке барып жүрген күндерді басынан өткергенін айтады. Оқулықтардың салмағы ауыр әрі көлемі әртүрлі болған. Бірі жұқа да үлкен болса, екіншісі қалың әрі шағындау болыпты. Сондықтан оларды бір қатарға жинау да ыңғайсыздық тудырған. Ал сөмкенің салмағы тиісті межеден ауыр болуы — балалардың дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, бойының өсуіне кері әсер ететін фактор. Бұдан бөлек ол кітаптардың мазмұны мен мәтіннің сапасы да сын көтермейтін кездер болғанын еске алды.
— Кейбір кітаптарда мәтін сөзбе-сөз аударылғандықтан, оны түсіну де қиынға соғып жатты. Ал жаратылыстану пәндерінен берілетін тапсырмалар бейне бір жоғары сыныптың тапсырмаларындай күрделі болатын, - дейді Индира Қуанышева.

Оқулықтар неге өзгертіледі
Мектеп оқулықтарының уақыт өте келе жетілдіріліп тұратыны түсінікті жайт. Олар кейде нормативтік актілердің өзгеруіне байланысты да жаңарады, сондай-ақ әр 5 жыл сайын ішкі мазмұны жоспарлы түрде өзгереді.
Бірінші жағдайда оқулықтарды мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты (МЖМБС), үлгілік оқу жоспары (ҮОЖ) және бағдарламасына (ҮОБ) сай қылып Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлейді. Аталған құжаттарға толықтыру мен өзгерістер енгізілген жағдайда, оқулықтар да соған сай өзгереді.
– Мысалы ҮОЖ-ге өзгерістер енгізілгендіктен 4-сынып оқулықтары да қайта басылып шықты. Егер бұрын қазақ сыныптарында орыс тілі пәні 1-сыныптан оқытылса, енгізілген өзгерістерден кейін бұл пән 2-сыныптан бастап оқытылады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Назира Абдрахманова.

Сонымен қатар әр бес жыл сайын оқулықтарға түзету енгізіледі. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ережелеріне сәйкес мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері толықтырылып, қайта басылып отырады.
– Бұл шаралар оқулықтардағы деректерді, статистиканы және ақпаратты тұрақты түрде жаңартып отыруға, сондай-ақ оқыту әдістерін жетілдіру үшін қажет, – деп түсіндірді сарапшы.
Биылғы оқу жылында алты сыныптың оқушылары жаңартылған бағдарлама бойынша білім алады. Бұдан бөлек, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған бағдарлама да жаңартылды.
Мәселен, 4-сыныптың қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәні оқулығы, ағылшын, француз, неміс тілдері, цифрлық сауаттылық, еңбекке баулу, бейнелеу өнері және жаратылыстану пәндерінің оқулықтары жаңарды.
– Көзі нашар көретін балаларға арналған 1, 4, 7 және 10-сынып оқулықтары қайта әзірленді. Сондай-ақ 7-сыныптар үшін 13 пән бойынша және 8, 10, 11-сыныптарға арналған жекелеген оқулықтар жаңарды. Атап айтқанда, 8-сыныпқа қазақ және орыс тілдеріндегі «Қазақстан тарихы» және «Қазақстан географиясы», 10–11-сыныптарға алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқулықтары, ал 11-сыныптарға құқық негіздері бойынша оқулықтар дайындалды, – деді Назира Абдрахманова.
Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының дерегінше, жаңа оқулықтарға QR-кодтардың енгізілуіне байланысты беттерінің саны азайып, салмағы жеңілдей түскен. Мысалы, 2017 жылы шыққан 7-сыныптың география пәні оқулығы екі кітаптан тұрса, қазір ол бір кітапқа топтастырылған.
– Оқулықтарға функционалдық сауаттылыққа арналған тапсырмалар қосылды. Қазақстан облыстарының қазіргі әкімшілік бөліністерін ескере отырып, карталар жаңартылды, сондай-ақ халық санының соңғы статистикасы секілді деректер өзгертілді. Бұдан бөлек, оқулықтарға интерактивті материалдар, мысалы бейнероликтер енгізілді. Оларды ондағы QR-код арқылы көруге болады, – дейді орталық мамандары.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының 2025–2026 оқу жылына арналған нұсқаулық-әдістемелік хатында «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын кіріктіру, жасанды интеллектіні пайдалану және функционалдық сауаттылықты дамыту ұсынылды. Ондағы мамандардардың пікірінше, оқулықтар мен сабақтар тек білім беріп қана қоймай, адалдықты, жауапкершілікті және еңбексүйгіштікті сіңіруі, сонымен қатар логика, сыни ойлау, медиасауаттылық пен тәжірибелік зерттеу дағдыларын дамытуы тиіс.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2020 жылы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің бірыңғай форматта әзірлеу бастамасын бекіткен. Енді 1-ден 11-сыныпқа дейінгі оқулықтар – мейлі ол оқулық болсын, хрестоматия немесе жинақ болсын, бірдей көлемде шығарылады.
– Оқу материалдарына қойылатын гигиеналық нормалар да бекітілген: бояу, желім, қағаз және сөмкенің салмағы арнайы талаптарға сәйкес болуы керек. Осы нормативтерге сәйкес, 1–4-сынып оқулықтарының салмағы 300 грамнан, 5–6-сыныптар 400 грамнан, 7–9-сыныптар 500 грамнан, ал 10–11-сыныптар 600 грамнан аспауы тиіс. Бұл талаптар міндетті түрде сақталуы қажет, – деді Назира Абдрахманова.
Мектеп оқулықтарының тағдырын кім шешеді
Назира Абдрахманованың айтуынша, Білім мазмұнын сараптау орталығы қоғам тарапынан түскен барлық сын-пікірлерді оқулықтарды қайта басып шығару барысында ескереді.
– Барлық сын-пікірдің шамамен 75%-ы нақтыланбады. Негізінен бұл бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының субъективті пікірлері болды. Қалған 25%-ы орыс тілінен қазақ тіліне және керісінше аудармаларға қатысты болды. Сонымен қатар фактологиялық қателер де кездесті, оларды біз оқулықтарды қайта шығару кезінде түзеттік, – деді ол.
Оқулықтарды түзетуге сарапшылар комиссиясынан бөлек, мұғалімдер мен ата-аналар да сауалнама арқылы қатыса алады.
– Өткен жылы мен 3-сыныпқа арналған бейнелеу өнері және еңбекке баулу оқулықтарына қатысты сауалнамаға қатыстым. Мұғалімдер оқушыларға қызықты болатындай қандай көрнекі материалдарды қолданған дұрыс екенін ұсынды, – деді Астана қаласындағы №97 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Сәдуақасова.
Мектептерде оқытудың ашықтығы мен сапасын қамтамасыз ету үшін түрлі баспалардың балама оқулықтары ұсынылады. Дегенмен МЖМБС, ҮОЖ және ҮОБ стандарттары бірыңғай болып қала береді. Солардың негізінде оқулықтар әртүрлі баспаларда дайындалады. Бағдарлама мен жоспар ортақ, бірақ авторлар тақырыптарды әртүрлі береді: біреуі тапсырмаларды көбірек берсе, енді бірі иллюстрацияларды көбірек қосады.
– Бұл – авторлық жұмыс. Біздің орталыққа бір пән бойынша төрт-бес балама оқулық түседі. Олардың ішінде біреуі, екеуі, кейде бірнешеуі мақұлдануы мүмкін. Бастысы — оқулықтың талапқа сай болуы. Алғашқы кезеңде кейбір оқулықтар тексеруден өтеді, басқалары іріктеліп, алынып тасталады. Соңында оқулықты қайта толықтыруға жіберу немесе қолданысқа жібермеу туралы шешім қабылданады, – деп түсіндірді сарапшы.
Қазір оқулықтарды шығаратын шамамен 20 жеке баспахана бар, ал өткен жылдан бастап сабақты қай оқулықпен беруді тікелей педагогтер шешетін болған. Олар ETANDAU.GOV.KZ платформасы арқылы өздеріне ұнаған оқулыққа дауыс береді. Осыдан кейін оқулықтарды жергілікті білім бөлімдері сатып алып, мектептерге жеткізеді. 2024 жылы бұл таңдау тәсілін шамамен 60 мың педагог пайдаланды.