QR-коды бар туристік карта шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары алқасының кеңейтілген отырысында туризм саласын дамыту мен шетелдік қонақтар үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды. Осы тапсырма аясында ел аумағына кірген әрбір шетелдік туристке арнайы QR-коды бар туристік карта ұсынылуда.

- Аталған карта туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі саналады. Қазіргі таңда туристік карталар Астана мен Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларда, сондай-ақ Түркістан облысындағы «Қапланбек» шекаралық бақылау бекетінде таратылып жатыр, - деп мәлімдеді ІІМ-нен.
Бұдан бөлек, шетелдік қонақтардың жайлы демалысы үшін safetravel.kz мобильді платформасы іске қосылды. Туристік картада көрсетілген QR-код арқылы бірнеше тілде ақпарат беретін арнайы порталға өтуге болады. Платформада төмендегідей маңызды мәліметтер орналастырылған:
-
жедел көмек қызметімен байланыс орнатуға арналған «102» мобильді қосымшасын жүктеу нұсқаулығы, оның ішінде төтенше жағдай кезінде «SOS» батырмасын пайдалану мүмкіндігі;
-
шетелдіктерді тіркеу және көші-қон талаптарына қатысты жадынама;
-
жол ақысының орташа бағасы көрсетілген такси сервистері мен мобильді қосымшалар тізімі;
-
ұялы байланыс операторлары мен SIM-карталардың орташа құны туралы ақпарат.
Аталған бастама елімізге келген әрбір шетелдік туристің өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне жағдай жасауға бағытталған.
Айта кетейік, министрлік туризм саласына арналған цифрлық статистика жүйесін енгізбек.