Ірі қалаларға автокөліктердің кіруіне шектеу қойылмайды — Роман Скляр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның ірі қалаларына автокөліктердің кіруін шектеу әзірге жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкіметтегі баспасөз мәслихатында айтты.

Оның айтуынша, көліктің қоршаған ортаны ластау мәселесі расымен өзекті және бұл ең алдымен, елдегі автопарктің ескіруімен байланысты.
— Мұндай мәселе бар. Жалпы, бұл көліктердің ескіруімен байланысты. Ескі көліктер қоршаған ортаны көбірек ластайды, — деді Роман Скляр.
Р. Скляр мемлекеттің автопаркті жаңартуды және экологиялық таза көлік түрлерін дамытуды ынталандыруды жалғастыратынын атап өтті.
— Мемлекет жаңа автокөліктерді сатып алуды ынталандыруды жалғастырады. Ақылы жолдар мен бензинге салынатын салықтар азаматтарды қоғамдық көлікке отыруға көбірек ынталандырады. Қоғамдық көлікті газ отынына көшіру және жаңа электр автобустарын сатып алу жұмыстарын жалғастырамыз, — деді бірінші вице-премьер.
Сонымен қатар, ол жеке автокөліктердің ірі қалаларға кіруіне шектеу енгізу жоспарда жоқ екенін баса айтты.
— Қазіргі уақытта ірі қалаларға көліктің кіруіне ешқандай шектеу қою жоспарланып отырған жоқ, — деді Р. Скляр.
Бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Тәуелсіздік сарайындағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінің кулуарында Қытай көліктерінің сапасы туралы пікір білдірді.