Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккенін көрдім- соғыс ардагері
Зенитші Орел, Харьков, Брянск қалаларын азат етуге қатысып, Курск доғасындағы шайқаста болды. Жеңісті Берлинде қарсы алды. Соғыс ардагері ҚазАқпарат тілшісіне 1942-1945 жылдары аралығында майдан даласында болған күндерін айтып берді.
Ажар Оразғалиева Ақтөбе қаласындағы соғыс ардагерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үйде тұрады. Бұл үйді мұнай компаниясы 2003 жылы салып, пайдалануға берді. Ол кезде 80 пәтерлі үйдің әрқайсысында соғысты көрген, майдан даласында от кешкен ардагер тұрды. Бүгінде олардың үшеуі ғана қалған. Өзгесі қоныс аударды, дүниеден озды.
«Пәтер күйеуім, соғыс ардагері Ғабидолла Оразғалиевқа берілді. Ол 1938-1941 жылдары аралығында Отан алдындағы борышын өтеді. 1941 жылы үйіне оралуы тиіс еді. Бірақ кенеттен соғыс басталып, кері қайтарылды. Ол 122 миллиметрлік зеңбіректен оқ атты, оны «Соғыстың құдайы» деп атады. Түскен жерінің бәрін қазып, тып-типыл ететін. Кейін Челябі қаласынан танк алдырып, сол танктің командирі болды. Ғабидолла мерген еді. Оның бұл ерлігі ескерусіз қалған секілді. Қазір қолымызда кітап бар. Оның танктен шығып тұрған суреті сақтаулы. 1944 жылы танк өртеніп, ауыр жарақаттан соң елге оралған»,- деп еске алды Ажар Оразғалиева.
Ал зенитші Ажар Оразғалиева соғысқа 18 жасында аттанған. 1941 жылы кеш қалып, 1942 жылдың тамыз айында құрбысы Жания Берниязованың «соғысқа алып жатыр» деген хабарын естіді. Олар ойланбастан бір шешімге келді, майданға бірге аттанды.
«Мен есепші болып жұмыс істедім. Құрбымнан хабар алып, әскери комиссариатқа бардым. Өтініш жазып, 4-5 қыз қабылданды. Сол кезде Атырау стансасында Сталинградтан келген пойыз тұрды. Пойызда 416 зенитті артиллериялық дивизион болды. Бізді сол дивизионға қосып, бір ай дайындық жұмыстарын жүргізді. Атырауда жүрген кезде ұзын шашымды жуып, тарап, өрдім де қиғыздым. Шашымды «сақтай алсаңдар, сақтап қойыңдар» деп тапсырып кеттім. Кейін ер балалардың үлгісіне салып қидырып, жаңа киім алдым. Ал нағыз соғысқа 1943 жылы Курск қаласында араластық»,- деп еске алды өткен күндерін соғыс ардагері.
Курск қаласындағы соғыс үш айға созылды. Әйгілі Курск доғасындағы шайқасты өткерген ардагер күні-түні ұйықтамай, зеңбіректі құшақтап отыратынын, үш ай бойы аяқ киімін шешпей, соғыс даласында тамақтанатынын айтты.
«Адам ұйқысыз жүрсе өлмейді екен. Курск доғасы шайқасы кезінде 9 қыз бір зеңбіректен оқ атып, ұшқан ұшақтарды құлатамыз. Олардың жарылғыш зат тастауына кедергі келтіреміз. Күнде бомба, күнде өрт. Кейін Кеңес әскері шабуыл жасау туралы шешім қабылдады. Сол кезде немістердің қоластына өтіп кеткен Орел, Харьков, Брянск қалалары азат етілді. Кейін бізді Киев қаласына жіберді. Сол жерде жақын құрбым Жеміспен қоштастым, өзім де жараландым. Ота жасалып, денемнен темірдің сынығы алынды»,- деді Ажар Оразғалиева.
Ауыр жараланған жауынгер майдан даласын тастап кеткен жоқ. Ес жинап, бойын тіктеген соң қайта соғысқа араласты. Румынияға барып, 1945 жылы Берлинге бағыт алды. Сол жерде Жеңіс туының тігілгенін көріп, қуаныш мерекесін тойлады.
«Берлинге барған соң 7 мамыр күні неміс күшінің әлсірегенін естідік. Ал 8 мамыр күні түнгі сағат 2-ден кете бізге қарай жүгіріп келе жатқан майорды көрдім. Сол кезде мен түнгі күзетті қабылдап жатқан едім. Ай жарық. Қуанғанымнан қыздарды ояттым. Олар сенбеді. Кейін бәрі орындарынан тұрып, бір-бірімізді құттықтадық. Үйге оралып, бауырларымызды көретін күнге жеткенімізге тәубе дедік. Ал 9 мамыр күні немістің берілгенін бинокль арқылы көрдік. Қыздар бинокльді бір-бірінен алма-кезек алып, Рақымжан Қошқарбаевтың командирі оның қолына ту ұстатып, шығарып салғанын да көрді. Қошқарбаев сол кезде бәрімен қоштасып кетті. Кейін ту тігіліп, жолдастары оны аспанға лақтырып, құттықтады»,- деді Ажар Оразғалиева.
93 жастағы әже «Неге соғысқа бардым?» деген сұрақты өз-өзіне қойған емес. Ол соғысқа барып, елін қорғауды, азаматтық парызы санады.
«Соғыс біткен соң пойызбен, кемемен Атырауға жеттім. Ол кезде әр солдатты күтіп алып, үйіне апарып тастайды екен. Әке-шешеміз жазғы қонысқа кеткен. Алдымнан інім мен сіңлім шықты. Әжем қуаныштан ес-түссіз жатты. Көтеріп алып, бетінен сүйдім»,- деді соғыс ардагері. 1945 жылдың қараша айында Ғабидолла Оразғалиев пен Ажар Оразғалиева отау құрып, 10 бала сүйді. Қазір Ажар әже он баладан 12 немере, 15 шөбере сүйіп отыр.