Рамазан айында Құранды басынан аяғына дейін оқыдым – Уилл Смит

АСТАНА. KAZINFORM – Голливуд жұлдызы Уилл Смит Рамазан айында Құран Кәрімді толығымен оқып шыққанын жариялады. Бұл жайында актер Big Time Podcast подкастына берген сұхбатында айтты.

уилл смит
Фото: BigTimePodcast шоуынан скрин

Уилл Смит өмірінің соңғы екі жылының қиын болғанын, бұл оның ішкі әлеміне ой жүгіртуге түрткі болғанын атап өтті. Бұл кезеңде актер барлық қасиетті кітаптарды, соның ішінде Құранды да оқыған.

– Былтыр Рамазан айында Құранды басынан аяғына дейін оқыдым. Маған Құранның қарапайымдылығы мен түсінікті болғаны ұнады. Әрбір сөз өте анық және түсінікті түрде жазылған. Оның кристалдай өте әдемі реңі мен тазалығы бар, – деді актер.

Сондай-ақ Құран мағынасының оған қалай әсер еткені туралы айтты. Белгілі актерден Құранды толық оқудан қандай әсер алғанын сұрағанда, ол кітапта Мұсаның қанша рет айтылғанына таңғалғанын, оның қызықты болғанын, пайғамбардың оқиғасы мен оның басынан өткен оқиғалары адамды елжіреткенін айтты.

– Мен оның қарапайымдылығына таң қалдым... Құран қарапайым және ондағы барлық нәрсе айнадай анық... және оны оқығаннан кейін түсінбеушілікке бару өте қиын, – деді ол сұхбатында. 

Мәлімет үшін, Уиллард Кэрролл Смит II 1968 жылы 25 қыркүйекте Филадельфияда дүниеге келген. 

«Король Ричард» фильміндегі Ричард Уильямс рөлі үшін «Үздік актер» номинациясында Оскар, «Актерлер гильдиясы» және «Алтын глобус» сыйлығын, сондай-ақ екі Grammy сыйлығын жеңіп алған.

2008 жылы Forbes нұсқасы бойынша Уилл Смит Голливудта ең көп жалақы төленетін актерлерінің тізімінде бірінші орынды иеленіп, жылына 80 миллион доллар табыс тапқаны айтылды.

Соңғы жаңалықтар