Рас әл-Хайма әмірі Қазақстанға ШЫҰ саммитіне қатысу үшін келді

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда әуежайына шейх Сауд ибн Сакр әл-Касимидің ұшағы қонды. Әмірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қарсы алды.

шейх Сауд ибн Сакр әл-Касими
Фото: Цифрлық даму министрлігі

Өткен жылдың мамыр айында Біріккен Араб Әмірліктері Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы диалог бойынша серіктес мәртебесін алды. Бұл мемлекетке ШЫҰ жұмысына белсенді қатысуға және бірлестіктің басқа мүшелерімен өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді.

Рас әл-Хайма әмірі
Фото: ҚР Цифрлық даму министрлігі
Рас әл-Хайма әмірін қарсы алу
Фото: ҚР Цифрлық даму министрлігі

Айта кетейік, Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысу үшін елімізге Ресей президенті Владимир Путин, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Моңғолия президенті Ухнаагийна Хурэлсухан, Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шариф, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған, Қатар әмірі Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни. Иран Ислам Республикасының президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохбер келді. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Астанаға 2 шілде күні келді. Мемлекеттік сапармен келген төрағаны әуежайдан Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде қарсы алды.