«Реал Мадрид» — Чемпиондар лигасының 2024 жылғы жеңімпазы

реал мадрид
Фото: instagram.com/realmadrid

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының финалында «Реал Мадрид» (Испания) мен «Боруссия Дортмунд» (Германия) кездесті.

Кездесу барысында қос команда бірден белсенді қимылымен көзге түсті. Бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетіп, гол соғатын мүмкіндікті іздеді.

Бірінші кезеңде «Боруссия Дортмунд» ойыншылары жиі шабуылдады.

Кейбір сәтте «Реал Мадрид» қорғаушылары гол соғуға мүмкіндік бермесе, ендігі бір сәтте германиялық команда футболшылары көздеген нысананы дәл көздей алған жоқ.

Екінші кезеңде испаниялық клубтың басымдығы байқалды. Олардың тарапынан бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырылды.

Ойынның 74-минутында «Реал Мадрид» сапынан Даниэль Карвахаль гол соқса, Винисиус Жуниор 83-минутта қорытынды есепті белгіледі.

реал мадрид
Фото: instagram.com/realmadrid

Осылайша испаниялық клуб қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, кубокты төбесіне көтерді.

«Реал Мадрид» соңғы он жылда бес мәрте финалға шығып, бәрінде жеңімпаз атанған. 

«Боруссия Дортмунд» командасы 1997 жылы Чемпиондар лигасында топ жарды. 

Ал 2013 жылы финалда «Бавария» командасына 1:2 есебімен жол берген еді. Осылайша «Боруссия Дортмунд» он бір жылдан кейін қайтадан финалға жолдама алды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Италияның «Аталанта» командасы Еуропа лигасының жеңімпазы атанған еді. 

Сондай-ақ 1 маусымда Конференция лигасында «Олимпиакос» (Грекия) чемпион болды.

Соңғы жаңалықтар