«Реал Мадрид» Чемпиондар лигасының финалына шықты

футбол
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының финалында кездесетін командалар анықталды.

Жартылай финалдағы екінші жұпта «Реал Мадрид» (Испания) мен «Бавария» (Германия) кездесті.

Ойын басынан қос қарсылас толассыз шабуыл ұйымдастырды. Десе де олардың ешқайсысы діттеген мақсатына жете алған жоқ.

Кездесу барысында «Реал Мадрид» сапынан Винисиус Жуниор, Антонио Рюдигер, Федерико Вальверде, Джуд Беллингем сынды футболшылар қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Ал,  германиялық клубтан Джамал Мусиала, Гарри Кейн, Йозуа Киммих жасыл алаңда жарқылдап көзге түсті. Соған қарамастан бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде де ойын барысы дәл осындай қарқында өрбіп жатты. Кезекті шабуылдың бірінде «Бавария» сапынан Альфонсо Дэвис 68-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Одан кейін «Реал Мадрид» таразы басын теңестірген еді. Польшалық төреші Шимон Марциняк қарсылас клубтың айып алаңында испаниялық футболшылардың тәртіп бұзуына байланысты оны есепке алған жоқ. 

Испаниялық клуб ойын соңына таман екі гол соғып кетті. Оны Хоселу 88, 91-минутта өзінің еншісіне жазды. Осылайша олар қарсыласынан 2:1 есебімен жеңді.

Алғашқы ойында командалар 2:2 есебіне қанағат білдірген болатын. 

«Реал Мадрид» соңғы он жылда бес мәрте финалға шығып, барлығында жеңімпаз атанған. 

Айта кетсек, бұдан бұрын Германияның «Боруссия Дортмунд» 11 жылдан кейін финалға жолдама алды. Команда жартылай финалда Францияның «Пари Сен-Жермен» клубын (1:0, 1:0) қапы қалдырып кетті. 

Финал 1 маусымда Англияның «Уэмбли» стадионында өтеді. 

Соңғы жаңалықтар