Референдум күні 54 елдегі Қазақстан азаматтары дауыс бере алады

АСТАНА. KAZINFORM – Шет мемлекеттерде 71 учаске ашылды. Бұл жөнінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Әлімбаев мәлімдеді. 

Референдум күні 54 елдегі Қазақстан азаматтары дауыс бере алады
Фото: ҚР СІМ

– Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты және бірқатар елдегі қауіпсіздік деңгейінің төмендігін ескеріп, 10 елдегі учаскенің жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Осылайша, референдум күні 54 елдегі Қазақстан Республикасының шетелдердегі өкілдіктері жанынан 71 учаске жұмыс істейді, - деді Е. Әлімбаев.

Сондай-ақ ол шетелдерде дауыс беретін Қазақстан азаматтарының саны 14 230 адам екенін атап өтті.

– Шетелдерде референдум комиссиялары құрылды. Олардың барлық мүшесі «Республикалық референдум туралы» ҚР конституциялық заңы және адам құқықтары мен қажеттіліктерін білу бойынша арнайы тестілеуден өтті. Сертификаттар ұсынылды. Шетелде референдум өткізу тәртібі бойынша онлайн оқыту семинары өткізілді. Осылайша, барлық учаскелік комиссияның дайындығы бар деп айта аламыз, - деді Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.

Сонымен бірге ол референдум бойынша ақпараттық материалдар, сайлау жәшіктері, референдум жәшіктері, бюллетендер бүгін-ертең шетелдердегі комиссияларға жолданатынын айтты. 

Одан бөлек Е. Әлімбаев референдум күні 31 шет мемлекеттің 68 БАҚ-ының 185 қызметкері ақпарат тарататынын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін республикалық референдумге 359 халықаралық байқаушы тіркелгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум