Референдум: Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушылары кездейсоқ таңдалған 17 учаскеге барды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркі мемлекеттерінің ұйымы байқаушылар миссиясы референдум күні кездейсоқ таңдалған 17 учаскеге барды. Бұл туралы миссия басшысы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров айтып берді. 

референдум, выборы
Фото: Максат Шагырбай / Kazinform

«Біз 17 учаскенің барлығында қажетті ақпарат, референдумға қатысты материалдар берілгенін көрдік. Сондай-ақ, комиссия қатысушылары барлық іс-шаралардың ашықтығын қамтамасыз етуге жәрдемдесуде. Біз мониторингке толық қол жеткізе алдық және осы уақытқа дейін сайлау комиссияларының қызметіне әкімшілік немесе құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз араласу жағдайларын байқамадық», - деді Сади Джафаров Астанада Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте.

Спикер байқаушылар миссиясының учаскелердегі сайлау комиссиясы мүшелерінен барлық қажетті ақпаратты ала алғанын атап өтті.

Миссия өз жұмысын күн соңына дейін жалғастырады, сонымен қатар бүгін кешке сайлау учаскелерінің бірінде дауыстарды санау процесіне қатысады.

Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс беріп жатыр.

Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады:
— Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?
Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды:
— «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».

Айта кетейік, сағат 16:00-дегі жағдай бойынша 7 062 358 азамат бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 57,68 пайызын құрайды.

Соңғы жаңалықтар