Рекорд: 2024-2025 оқу жылында 400 мыңға жуық оқушы орны ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы оқу жылында елімізде бір жыл ішінде рекордтық көрсеткіш – 400 мыңға жуық орынды қамтыған 257 жаңа мектеп ашылды. Олардың қатарында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы заманауи білім ордалары да бар. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Нәтижесінде, соңғы екі жылда үш ауысымды мектептердің санын 3 есеге дейін қысқартуға қол жеткізілді. Сонымен қатар мыңдаған ауыл мектебіне жаңғырту жасалып, қолданыстағы мектептер күрделі жөндеуден өтті және 1700-ге жуық мектепте робототехника, химия, биология, физика және STEM-пәндер бойынша заманауи пәндік кабинеттер жабдықталды.
Келесі кезеңде мектеп инфрақұрылымын біртұтас заманауи форматқа көшіру үшін жаңарту жұмыстары басталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жыл ішінде 1 231 мектепті реновациялау жоспарланып отыр. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерлерде орналасқан.
Айта кетейік, биыл Қазақстан бойынша 3 908 450 бала оқу жылын аяқтайды.