Ресей мен Тәжікстан еңбек миграциясы туралы келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Владимир Путин мен Эмомали Рахмонның Душанбеде өткен келіссөзінің қорытындысы бойынша Ресей мен Тәжікстан еңбек миграциясы, оның ішінде Ресей Федерациясында жұмыс істеу үшін медициналық тексеруден өтуге қатысты құжаттарға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Ресей мен Тәжікстан еңбек миграциясы туралы келісімге қол қойды
Фото: ТМД интернет-порталы

Келісімге сәйкес, Ресейге жұмыс істеуге баратын Тәжікстан азаматтары Душанбедегі медициналық ұйымдардың бірінің аумағында арнайы пунктте міндетті медициналық тексеруден өте алады. Процедураның өзі Ресей Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен рәсімдерге сәйкес жүргізіледі. Ресейге келгеннен кейін қайталама медициналық тексеруден өту қажет емес.

Бұдан басқа, 2019 жылғы 17 сәуірдегі Тәжікстан азаматтарын Ресей Федерациясына уақытша жұмысқа орналастыру үшін ұйымдасқан түрде тарту туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. 

Ресей Федерациясы мен Тәжікстан басшыларының бірлескен мәлімдемесінде атап өтілгендей, бұл құжат екі елдің өзара мүдделері мен қажеттіліктері негізінде жұмыс күшін ұйымдасқан түрде тарту тетігін жетілдіруге ықпал етуге бағытталған. 

- Келіссөз қорытындысы бойынша біз ынтымақтастықтың маңызды салалары бойынша екіжақты құжаттардың ауқымды пакетіне қол қойдық. Атап айтқанда, еңбек көші-қоны, осы саладағы ынтымақтастықты дамытудың шарттық-құқықтық базасын нығайту жөніндегі құжаттарға қол қойылды, - деп атап өтті Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

РФ президенті Владимир Путин Ресейде 1 млн-нан астам тәжік азаматының тұрып жатқанын және жұмыс істейтінін мәлімдеді. 

Еске сала кетсек, Ресей президенті Владимир Путин қазір мемлекеттік сапармен Тәжікстанда жүр. Жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық 16 құжат қабылданды.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбе қаласына сапармен барғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар