Ресей СІМ: Башар Асад билікті бейбіт жолмен тапсыратынын айтып, елден кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Сириядағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Ресей СІМ: Башар Асад билікті бейбіт жолмен тапсыратынын айтып, елден кетті
Фото: wikipedia.org

- Сириядағы оқиғаларды үлкен алаңдаушылықпен бақылап отырмыз. Сирия Араб Республикасы аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысушылармен келіссөздер нәтижесінде Башар Асад президенттік қызметтен бас тартып, елден кету туралы шешім қабылдады және билікті бейбіт жолмен тапсыруды баса айтты. Ресей бұл келіссөздерге қатысқан жоқ, - делінген РФ СІМ хабарламасында.

Дипломатиялық ведомство Ресейдің Сирия аумағындағы әскери базалары жоғары дайындық режимінде екенін, бірақ қазіргі уақытта олардың қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.

Қытай да Сириядағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын және елде тұрақтылықтың мүмкіндігінше тезірек қалпына келуіне үміттенетінін жеткізді.

Бұған дейін Еуропалық Одақтың Сыртқы істер қызметі Сириядағы жағдай бойынша мәлімдеме таратқан еді.

Айта кетейік, Сирия оппозициясы Дамаскінің Асад режимінен азат етілгенін жариялады. Сирия президенті Башар Асад жексенбі күні Дамаскіден белгісіз бағытқа ұшып кеткен. Бұл туралы Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығы хабарлады.

Соңғы жаңалықтар