Ресейде дропперлер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаттары пленарлық отырыста дропперлер үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

интернет алаяқ
Фото: Freepik

Дропперлер — алаяқтар ұрлаған қаражатты жасыруға және қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін адамдар.

Жаңа түзетулер РФ Қылмыстық кодексінің 187-бабын (төлем құралдарын заңсыз айналымға енгізу) толықтырады.

Атап айтқанда, егер адам басқа тұлғаға заңсыз операциялар жасау үшін өзінің электрондық төлем құралын берсе, ол үшін 300 мың рубльге (шамамен 1 млн 960 мың теңге) дейін айыппұл, не 480 сағатқа дейін мәжбүрлі жұмыс, не 2 жылға дейін түзету жұмыстары, не 2 жылға дейін бостандығын шектеу, не 3 жылға дейін мәжбүрлі еңбек, не дәл сондай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сол сияқты жауапкершілік басқа адамның нұсқауымен электрондық төлем құралын пайдалану арқылы жеке пайда көздеп жасалған заңсыз операциялар үшін де қолданылады.

Айта кетейік, Қазақстанда да бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр. Бұған дейін интернет алаяқтарға құрбандық тауып беретін дропперлерге қылмыстық жаза күшейтілетіні айтылды.

Бұдан бөлек Алматыда интернет-алаяқтық үшін сатып алынған SIM-карталар тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар