Ресейде энергетикалық сусын мен алкогольді онлайн сату тәжірибесі тоқтауы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM - Ресей православие шіркеуінде энергетикалық сусын, темекі мен алкоголь өнімдерін интернет арқылы сату жөніндегі тәжірибеге тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы отбасы, ана мен баланы қорғау мәселелері жөніндегі патриархиялық комиссияның төрағасы, иерей Федор Лукьянов мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Оның айтуынша, аталған өнімдерді онлайн форматта сатуға рұқсат беру Ресей Федерациясында олардың айналымын бақылауды әлсіретуі мүмкін. Осы себепті мұндай экспериментті іске қосуға болмайды.
Бұған дейін Биометриялық технологиялар орталығы серіктестерімен бірлесіп, биометриялық сәйкестендіруді қолдану арқылы 18 жасқа толғандарға арналған тауарларды онлайн сату бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сонымен қатар РФ Цифрлық даму министрінің орынбасары Олег Качанов 2026 жылдың екінші-үшінші тоқсандарында маркетплейстер арқылы ресейлік шарапты сату жөнінде тәжірибенің басталуы мүмкін екенін айтқан.
Федор Лукьяновтың пікірінше, энергетикалық сусын, темекі және алкоголь секілді өнімдердің саудасы қатаң бақылауда болуы тиіс және тек офлайн форматта жүзеге асырылуы қажет. Ол биометриялық жүйе шектеулі қолжетімділігі бар өнімдерді сату кезінде болатын заңбұзушылықтарды толықтай болдырмайтынын атап өтті.
Иерей бұл пікірін Патриархиялық комиссия ұйымдастырған «Энергетикалық сусын, алкоголь мен темекіні онлайн сату - дәстүрлі құндылықтарға, ұлт денсаулығына және мемлекеттік саясатқа төнген қауіп. Вейптер - ұлттық демографиялық саясат үшін ұзақ мерзімді қатер» тақырыбындағы бейнеконференция барысында айтты.
Оның сөзінше, мұндай эксперименттен ең алдымен кәмелетке толмағандар, жастар және жас баласы бар отбасылар зардап шегуі мүмкін.
Осыған байланысты ол зиянды өнімдерді онлайн сату жөніндегі тәжірибені «РФ-дағы платформалық экономика туралы» федералдық заңда тікелей тыйым салынатын норма ретінде бекітуді ұсынды.
Сондай-ақ Федор Лукьянов биометрия арқылы сауданы ұйымдастыру және маркетплейстердің рөлін күшейту ұзақ мерзімді перспективада мемлекет тарапынан өнім айналымын бақылау тетіктерінің әлсіреуіне әкелуі мүмкін екенін айтты.
Айта кетейік, Ресей халықаралық қоңырауларға тыйым салуды жоспарлап отыр.