Ресейде заңсыз жүрген шетелдіктерге мәртебесін заңдастыру үшін бір ай қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Федерациясында миграциялық ережелерді бұзып жүрген шетелдіктерге өз мәртебесін заңдастыруға немесе елден шығуға бір ай уақыт қалды. Бұл туралы ТАСС хабарлайды.

мигранты
Фото: freepik.com

Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, олар 2025 жылғы 10 қыркүйекке дейін көші-қон қызметіне жүгіну арқылы өз жағдайларын реттей алады.

Бұл талап Ресейде болу негіздерін жоғалтқан және «бақылаудағы тұлғалар» тізіміне енгізілген шетелдіктерге қатысты. Маусым айының ортасында бұл тізімде 800 мыңнан астам адам тіркелген болатын. Министрлік өкілдері 10 қыркүйектен кейін құқықтық мәртебені реттеу мүмкін болмайтынын ескертті.

Заңды мәртебе алу үшін шетелдіктер ФГУП «ПВС» Ресей Федерациясы ІІМ-нің кез келген филиалына тұрғылықты жері бойынша жүгінуі тиіс.

Сондай-ақ ІІМ заңсыз еңбекке тартылған шетелдіктер бойынша және еңбек шарты жасалғаны немесе тоқтатылғаны туралы көші-қон органдарына хабар бермегені үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Мұндай заңбұзушылықтар үшін лауазымды тұлғаларға — 50 мың рубльге, ал заңды тұлғаларға — 800 мың рубльге дейін айыппұл салынады.

Бақылаудағы тұлғалар тізіміне енген шетелдіктерге қызмет көрсету (білім беру саласында да) әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. Бұл үшін жеке тұлғаларға — 2 000–5 000 рубль, лауазымды тұлғаларға — 35 000–50 000 рубль, ал ұйымдарға — 400 000–500 000 рубль көлемінде айыппұл қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда көші-қон режимін бұзған 200 мың шетел азаматы жауапқа тартылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар