Ресейлік компания елімізде 3 ЖЭО салу үшін экспорттық қаржыландыру ала алмады — Скляр
АСТАНА. KAZINFORM – Ресейлік компания елімізде 3 ЖЭО салу үшін экспорттық қаржыландыру ала алмады. Бұл туралы Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.

— Жалпы, әлемде мынадай тәжірибе бар. Белгілі бір нысанды салатын компания өз елінен жабдықтар әкеледі және олардың бәрі экспорттық қаржыландыру алады. Ол төмендетілген пайыздық мөлшерлемені білдіреді. Дәл осы сияқты «Интер РАО» компаниясы экспорттық қаржыландыру алуы тиіс болатын. Бірақ, өкінішке орай олар мұны жасай алмады. Сондықтан стансаларды дербес салу туралы шешім қабылданды. Кеше бұқаралық ақпарат құралдарында Көкшетау жылу электр орталығының құрылысы қарқынды кезеңде өткені туралы ақпарат шықты. Тапсырыс беруші — «Самұрық Энерго». Семей мен Өскемен стансаларында да дәл осылай болады, — деді Роман Скляр.
Ол ресейлік әріптестер тарапынан аталған нысандарды қаржыландыру туралы ұсыныс түскен жағдайда «Самұрық Қазына» компаниясы оларды серіктес ретінде таңдай алатындығын айтты. Сонымен қатар бірінші вице-премьер әр нысанның сметасы әлі дайын еместігін атап өтті.
Еске салсақ, былтыр сәуірде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетика министрліктері арасында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Кейін еліміздің үш қаласында салынатын жылу электр орталықтары «Самұрық-Энерго» компаниясының теңгерімінде болатыны белгілі болды.
Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша Көкшетаудағы жылу орталығы 2029 жылы, Өскемендегі орталық 2031 жылы, ал Семейдегі орталық 2032 жылы толық пайдалануға беріледі.