Ресеймен шекарадағы павлодарлық өткізу бекеттерін жаңарту жұмыстары басталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Шекаралық өткізу бекеттерін жаңартудың республикалық жол картасына Павлодар облысынан 5 автокөлік өткізу бекеті енгізілген.

өткізу пункті, өткізу бекеті
Фото: ҚазАвтоЖол

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздегі шекаралық бекеттердің жаңғыртудан өткізу міндетін қойғаны мәлім. Ертіс-Баян өңіріндегі шекаралық бекеттердің барлығы Ресей Федерациясымен арада орналасқан. 

— 2025-2027 жылдар аралығында Павлодар облысында Ресеймен шекарадағы бірнеше автокөлік өткізу бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жобаның мақсаты — шекарадағы инфрақұрылымды жақсарту, өткізу қабілетін арттыру және заңсыз тасымалдың алдын алу. Республикалық жол картасына «Қосақ», «Үрлітөбе», «Шарбақты», «Амангелді», «Найза» автомобиль өткізу бекеттері енді. Биыл жалпы сомасы 16 млрд теңгеге «Қосақ» автокөлік өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары басталды. Келер жылы 19 млрд теңгеге «Үрлітөбе» бекетін жаңарту жоспарланып қойды. Өзгелері алдағы жылдары біртіндеп жаңартылады, — дейді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов.

Мемлекеттік шекарада орналасқан аталған өткізу бекеттерінде қазіргі күні халықаралық тасымал мен жолаушылар ағыны қозғалысына тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр.

Бұған дейін Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында электронды кезек жүйесі енгізілгені туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар