Республика азаматы: ауылдастарына көмектесетін Галина неге қалаға көшкісі келмейді
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысының тұрғыны Галина Землянова ауылдағы үлкен кісілерге электронды қызметтерді пайдалануға көмектесіп жүр. Қазақ тілін бала кезінен үйренген ол ауылда да еңбек етіп, жақсы өмір сүруге болатынына сенеді. Туған жерінен жыраққа кетуді қаламайтын, қолынан келген көмегін ешкімнен аямайтын Галинаның өмір жолы – Kazinform материалында.
Туған жерге туыңды тік
Галина Землянова Қостанай облысы Наурызым ауданының Шолақсай ауылында дүниеге келген. 2017 жылы аудан орталығы Қарамеңдіге қоныс аударып, содан бері осында тұрып, еңбек етіп келеді.
Галина үшін ауылда қалу – амалсыздықтан туған шешім емес. Ол туған жерінен алыстағысы келмейді. Өйткені кіндік қаны тамған мекені де, жақындары мен үйренген ортасы да өзіне ыстық.
– Мен ауылда туып-өстім. Сондықтан болар, ауыл маған ерекше жақын. Бұл – менің туған жерім. Балаларым да туған жерін құрметтеп, салт-дәстүрді қадірлейтін, елін сүйетін азамат болып өссе деймін. «Туған жерге туыңды тік» дейді ғой. Өзім де адамдарға пайдамды тигізіп, көрген жақсылығымды өзгелерге қайтарғым келеді, – дейді Галина.
«Галяға барыңыз, ол көмектеседі»
Галина ауылдағы «Достаток» дүкенінде сатушы болып жұмыс істейді. Аптасына алты күн таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін еңбек етеді. Алайда ауылдастары оны тек дүкендегі сатушы ретінде ғана танымайды. Электронды қызметтерді пайдалана алмай қиналғандар да Галинаға жүгінеді.
Ол зейнеткерлерге eGov порталын пайдалануға, түрлі қосымшаларға тіркелуге, қажетті қызметтерді алуға көмектеседі. Сондай-ақ Beeline орталығымен бірлесіп, аудан тұрғындарына SIM-карталарын тіркеуге және ауыстыруға жәрдемдеседі. Соның арқасында адамдар бұл қызметтер үшін қалаға сабылмайды.
Галинаның айтуынша, қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ телефон арқылы бітіруге болады. Бірақ жаңа технологияны меңгеру үлкен кісілерге оңай емес.
– Қазір тіпті дәрі алу үшін QR-код қажет болатын жағдайлар бар. Зейнеткерлердің бәрі бірдей смартфонды пайдалана алмайды. Қосымшалар жиі жаңарады, талаптар өзгереді. Кейде биометриялық тексеруден өту керек. Мұның бәрі қарттарға қиын. Сондықтан қолымнан келгенше көмектесемін, – дейді ол.
Галина денсаулығына байланысты үйінен шыға алмайтын адамдарды да ұмытпайды. Қажет болса, олардың үйіне өзі барады.
– Бірде бірінші топтағы мүгедектігі бар зейнеткерге көмектестім. Ол өзі келе алмады. Сондықтан үйіне бардым. Осындай адамдарға «Көмек керек болса, хабарласыңыздар, өзім барамын» деп айтамын. Кейде бір рет көмектесу жеткіліксіз. Қосымшаға қайта кіру, тіркелу немесе мәліметтерді растау қажет болып жатады, – дейді Галина.
Негізінде, Галина электронды мемлекеттік қызмет көрсететін мекемеде жұмыс істемейді. Ауылдастарына өз еркімен көмектеседі. Жұмыс берушісі де оның бұл ісіне түсіністікпен қарайды.
Алғашында оған таныстары ғана жүгінсе, қазір көмекке мұқтаж басқа тұрғындар да іздеп келеді. Ауылдастары электронды қызметтерді пайдалана алмай жүрген адамдарға Галинаға баруға кеңес береді.
– Адамдар бір-біріне «Галяға барыңыз, ол «Достаток» дүкенінде жұмыс істейді, көмектеседі» деп айтады екен. Бұл – олардың маған сенетінінің белгісі, – дейді ол.
Қазақ тілін алты жасынан үйренген
Галина қазақ тілі мен ұлттық дәстүрлерге бала кезінен қызығады. Алты жасынан бастап қазақ тілін үйренген. Бұған өскен ортасы да әсер еткен. Бала күнінен қазақ достары көп болғандықтан, тілді солармен араласып жүріп меңгере бастаған.
– Маған қазақтың салт-дәстүрі, дүниетанымы, адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен ауызбіршілігі ұнайды. Достарымның көбі – қазақтар. Олармен қазақша сөйлесемін. Бір сөзді қате айтсам, түзетіп отырады. Осылайша қазақ тілін жетілдіріп жүрмін, – дейді Галина.
Оның айтуынша, күнделікті қазақша сөйлесу оңайырақ. Ал әдеби тілдегі күрделі сөздер мен ресми құжаттардың тілін түсіну қиындау. Дегенмен қазақша жиі сөйлесу тілін жетілдіруге көмектеседі.
Галина тіл үйрену клубына да қатысады. 2023 жылы түрлі ұлт өкілдері арасында өткен қазақ тілін білу байқауында бірінші орын алған.
Ең үлкен жетістігім – екі балам
Галинаны анасы жалғыз тәрбиелеген. Отбасының жағдайына байланысты кезінде оқуға түсіп, мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмапты. Соған қарамастан ол білімін өз бетімен толықтырып, түрлі бағдарламаларды меңгерген.
– Кейде менен «Неге оқуға түспедің? Неге мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналаспадың?» деп сұрайды. Ол кезде ондай мүмкіндігім болмады. Мені анам жалғыз өсірді. Бірақ мен көп кітап оқыдым, қазір де оқимын. Түрлі бағдарламаларды өз бетімше үйренемін. eGov порталын, «ҚазАгроҚаржы» бағдарламаларын, байланыс қызметтерін жақсы білемін. Біреу түсінбей жатса, маған жібереді, – дейді ол.
Галина үшін ең үлкен жетістік – жаңа технологияларды меңгеруі де, ауылдастарының алғысына бөленуі де емес. Ол бәрінен бұрын екі баласын мақтан тұтады.
– Менің ең үлкен жетістігім – екі балам. Екеуін де өз күшіммен өсіріп, тәрбиелеп жатырмын. Олардың жақсы адам болып өскенін қалаймын. Сол үшін барымды салып жүрмін, – дейді Галина.
Жастар неге ауылдан кетіп жатыр?
Галина ауылды жақсы көргенімен, ондағы қиындықтарды да біледі. Әсіресе жастардың қалаға көшуі оны алаңдатады. Оның ойынша, жастар ауылдан тек жұмыс іздеп кетпейді.
– Жастардың бәрі бірдей егін даласында немесе шаруа қожалықтарында жұмыс істегісі келмейді. Көбі қалаға ұмтылады. Мүмкін, қалада көңіл көтеретін, бос уақытты өткізетін орындар көп болғандықтан шығар. Ал бізде жастардың жұмыстан кейін барып демалатын, араласатын жерлері аз. Сондықтан кейбіріне ауыл өмірі қызықсыз көрінеді, – дейді ол.
Соған қарамастан Галина ауылдың болашағына сенеді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы елді азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Егін егіп, мал өсіріп жүрген адамдардың еңбегі бүкіл елге қажет.
– Жастарға айтарым, қала ауылдан басталады. Ауылда тракторшылар, диқандар еңбек етеді, мал шаруашылығы дамып жатыр. Мұның бәрі өте маңызды. Егер жастар ауыл шаруашылығын дамытып, өз кәсібін ашып, отандық өндірушілерді қолдаса, ауылдарымыз да көркейе түседі, – дейді Галина.
Жасаған жақсылығың өзіңе қайтады
Галина аптасына алты күн жұмыс істеп, екі баласын тәрбиелеп отыр. Соған қарамастан ауылдастарына көмектесуге уақыт табады. Осынша шаруаның арасында өзгелерге неге көмектесіп жүргенін сұрағанымызда, ол қысқа ғана жауап берді.
– Мен жақсылыққа сенемін. Біреуге көмектессең, жасаған жақсылығың басқа адамдар арқылы өзіңе қайтады. Бұрын да солай болған, алдағы уақытта да солай болады деп сенемін, – дейді ол.
Бұған дейін ауыр жол апатынан кейін спортқа қайта оралып, әлем чемпионаттарында жүлде алған қазақстандық фристайлшы Анастасия Городко туралы жазған едік.