Жол апаты кезінде 8 адамды құтқарған Мұрат Есенқабылов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Жол апаты кезінде 8 адамды құтқарған Мұрат Есенқабылов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Kazinform.

Созақ ауданы
Фото: Созақ ауданының әкімдігі

Қоғамда үлкен резонанс тудырған жол апаты шілде айында болды. Ұланбел – Созақ – Шолаққорған – Екпінді тасжолының Шыбыт – Шаян елді мекенінің аралығында 3 көлік соқтығысып, ірі жол апатын жасады. Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Grafter автокөліктері соқтығысып, толығымен өртеніп кетті. Оқыс оқиға салдарынан 10 адам қаза тапса, 12 адам жарақат алды.

Созақ ауданы Бабата ауылының тұрғыны Мұрат Есенқабылов сол көліктердің бірінің ішінде болды. Дереу есін жинаған ол өрт ішінен 8 адамды қауіпсіз жерге алып шықты.

«Тоғыз адам көз алдымда жан тапсырды. Үшеуі мылжа-мылжасы шыққан көліктің ішінде қысылып, шыға алмай жанып кетті. Қайсысын құтқарарымды білмедім. Жанып жатқан көліктердің ішінен сегіз адамды көтеріп алып шықтым. Кейіннен келген адамдар жанып жатқан көлікке жақындауға сескеніп тұрды. Себебі, жанып жатқан көліктің жанармай багы кез келген сәтте жарылуы мүмкін еді. Ыңырсып жылап, кейбірі есін білмей жатқан дәрменсіз жаралыларды көліктен көтеріп шығарып кезең-кезеңімен жол жиегіне қауіпсіз жерге тасыдым, - дейді Мұрат Есенқабылов.

Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің бастығы Гүлнар Әбдіжаппарованың айтуынша, қайсар жандар болмағанда оқыс оқиға салдарынан құрбандар саны мұнан да көп болуы мүмкін еді.

«Апатқа ұшыраған көліктердің ішінде болған Мұрат Есенқабылов жүргізушілер мен жолаушыларды құтқаруда көзсіз батырлық танытты. Олардың адам өмірін арашалаудағы батылдығы бен жанқиярлығын қоғам жоғары бағалады», - дейді ол.

Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың ішінде бейбіт күннің батыры атанған Мұрат Есенқабылов «Ерлігі үшін» медалін иеленді.

Еске салсақ, 17 шілде күні Түркістан облысында жол апатынан 9 адам қаза тауып, 13 адам ауруханаға жеткізілді. Осы оқиға болған кезде республикада үш күнде жол апатынан 24 адам көз жұмған.

Түркістан облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтпаев өз бастарын қатерге тіге отырып, өзгеге жәрдем берген екі тұрғынды арнайы қабылдап, марапаттады. Басқаларға үлгі боларлық батылдық жасаған алып жүректі азаматтарға барша полицейлер атынан ризашылық білдіріп, Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарын табыстады.

Бұған дейін оларды Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қабылдап, Алғыс хатпен марапаттаған еді. Онда жанып жатқан көліктен адамдарды алып шыққан азаматтар мемлекеттік марапатқа ұсынылды.

 

Соңғы жаңалықтар