Республикашылдар АҚШ-тың Өкілдер палатасында жеңіске жетті
АСТАНА.KAZINFORM - Республикашылдар аз ғана басым дауыспен АҚШ-тың Өкілдер палатасын бақылауды сақтап қалды, осылайша Вашингтондағы барлық билік тетіктері қайта сайланған президент Дональд Трампқа берілді, деп хабарлайды NBC News.
Республикашылдар бақылайтын Конгресс Дональд Трампқа министрлер кабинетін және басқа да жоғары әкімшілік лауазымдарын жинап, күн тәртібін алға жылжытуға мүмкіндік береді. Сәрсенбі күнгі жағдай бойынша республикашылдар Өкілдер палатасындағы 435 орынның 218-ін жеңіп алса, демократтар 208 орынға ие болды.
Өткен аптада республикашылдар Сенаттағы саяси қарсыластарын ығыстырып, 100 орынның 52-сіне ие болды, ал демократтар 47 орынға ие болды.
Өкілдер палатасындағы аз ғана жеңіс республикашылар үшін өте маңызды, өйткені олар демократиялық қолдаусыз ірі саяси бастамалар мен заңнамаларды қабылдау мүмкіндігіне ие болады.
Естеріңізге сала кетейік, демократтар өкілі, қазіргі президент Джо Байден мен АҚШ-тың жаңа сайланған президенті республикашыл Дональд Трамп Ақүйде кездесіп, екі сағатқа жуық сұхбаттасқан болатын.
Бұған дейін Трамп өзінің болашақ әкімшілігіне алғашқы тағайындауларды жариялады, Пентагон мен ЦРУ басшыларын атады және Маскқа үкіметтің тиімділік департаментін басқаруды ұсынды, сонымен қатар АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ұлттық барлау басқармасының басшыларын тағайындады.