Рейдерлікпен кәсіпті тартып алушылар туралы: Мүгедек етемін деп қорқытады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мұнай ұрлығы, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, рейдерлікпен кәсіпті тартып алды деп айыпталып жатқан топқа қатысты жаңа деректер анықталды. Жәбірленуші Болатбек Досқожаев өзін қорқытып, «аяғыңнан атамын» деген айыпталушыларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында рейдерлік жолмен тартып алу эпизоды бойынша бірнеше куәгер тыңдалды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Тазадалаком» ЖШС құрушы Орал Бисембин арада 4 жыл өткенде компаниясынан айырылып қалған болатын. Ол мұның бәрі сотталушы Нұрлан Ноғаевтың ісі деп отыр.
Ал айыпталушы Нұрлан Ноғаев бұрын құқық қорғау саласында, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ заңгер болып жұмыс істеген. Кейін «Тазадалаком» ЖШС-де директордың орынбасары қызметін атқарды. Сот отырысы кезінде компанияда жұмыс істеген жәбірленуші Болатбек Досқожаев өзін айыпталушы Мұрат Тұржанов пен Нұрлан Ноғаев қорқытқанын мәлімдеді.
«Олар мені қорқытты. Аяғымнан атып, мүгедек етемін деді. Тағы да қорқытқандарын растаймын. Әлі күнге дейін қорқыныш бар»,- деді жәбірленуші Б.Досқожаев.
Сот отырысы кезінде жәбірленуші Орал Бисембин мен Болатбек Досқожаев айыпталушыларға ешқандай талап қоймайтынын жеткізді. Олар материалдық, моральдық өтемақы сұраған жоқ.
Ал айыпталушы Мұрат Тұржанов бәрін жоққа шығарып, жәбірленуші Болатбек Досқожаевтың «Тазадалаком» ЖШС-нан 10 пайыздық үлес сұрағанын жеткізді.