Резервке енген педагогтер мектеп директоры қызметіне қалай тағайындалады
АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрлігі мектеп директорларын тағайындау процесіне қатысты түсінік берді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 29 наурызда VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында менеджментті жақсарту мақсатында берген тапсырмасына сәйкес, министрлік 2023 жылдан бастап «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көсбасшысы» жобасын іске асырып келеді. 2023 жылы 207 педагог Республикалық кадр резервіне еніп, олардың 181-і (ауыл мектептеріне — 41%, қала мектептеріне — 59%) орта білім беру ұйымдарына конкурссыз басшы лауазымына тағайындалды. Сонымен қатар, бірінші басшыларды білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Қағидалардың 126-тармағына сәйкес, Кадр резервіне алынған педагог білім басқармаларының қарауы бойынша шалғайдағы ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру ұйымының, шағын жинақты мектептің басшысы лауазымына олардың келісімі аясында конкурстық рәсімдерден өтпей, жұмыс берушінің шешіміне сәйкес тағайындалу нормасы енгізілді.
— 2024 жылы 376 резервші дайындалды, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарға -11, орта білім беруге — 316, техникалық және кәсіптік білім беруге — 49. Қазіргі кезде 127 (34%) резервші конкурссыз негізде лауазымдарға тағайындалды: 95-і басшы, 32-і басшының орынбасары. Сонымен қатар, педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес, Республикалық кадр резервшілері білім беру ұйымының басшысы немесе басшының орынбасары лауазымына тағайындалған кезде, бірінші санаттағы басшы немесе бірінші санаттағы басшының орынбасары біліктілік санаты аттестаудан өтпей беріледі. Осы ретте білім беру ұйымдарына басшыларды тағайындау жаңа форматқа көшіп отыр, арнайы оқудан өткен білікті орынбасарлар республикалық кадр резервке енгізіліп, тікелей тағайындалып отыр. Бұл мектептегі оқу-тәрбие процесін арттырады. Ол өз кезегінде білім сапасының көтерілуіне әкеледі, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Еске салсақ, биыл ақпан айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның алқа мәжілісінде мектеп директорларының деңгейі ойдағыдай болмай тұрғанын айтты.