Риддерде қар жауды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында ауа райы күрт суытады.

Риддерде кеше қар жауғаны туралы видео желіде тарап кетті. Синоптиктердің мәліметінше, бүгін түнде облыстың шығысы мен солтүстігінде тағы қар аралас жаңбыр жауады.
– 29 мамырда облыстың шығыс бөлігінде жаңбыр жауады. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 18 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде +1-ден +6°-қа дейін, шығыс пен солтүстікте -2°-қа дейін суытуы мүмкін, - делінген хабарламада.
Таяуда Марқакөл ауданында сынап бағанасы -6°С-қа дейін төмендеген. Алдағы түнде Риддер, Катонқарағай, Глубокое және Марқакөл аудандарында температура 0-ден төмен болады деп күтіліп отыр.
– Күндіз ауа температурасы +15, +20° дейін көтеріледі. Бірақ облыстың шығысында 10 градус жылыдан аспайды. Ал Өскеменде жауын жаумайды. Ауа температурасы +17°-қа дейін жетеді, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін бүгін ел аумағында жел күшейіп, оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл тұратыны хабарланған.