Риддерліктер пәтерлерінің салқындығына шағымданды
РИДДЕР. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында қыркүйек айының соңында жылыту маусымы басталғанымен, тұрғындар үйлерінің әлі жылымағанына наразы.
Халық әлеуметтік желіде алғашқы қар түскеннен кейін, түнде сынап бағанасы нөлден төмендеп, үйлерінің дұрыс жылымай тұрғанына шағымданды. Олардың айтуынша, радиаторлар қызбай пәтер ішіндегі ауа температурасы +16 градустан аспайды.
Бұл жағдайға қатысты ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан жауап берді.
— Бұл тосын жағдай емес, қазір абоненттерді кезең-кезеңімен жылуға қосу жүріп жатыр. Кеше ғана жылу «Казцинк» зауытының цехтарына берілді. Соның салдарынан уақытша қысым төмендеді. Бүгін қосымша бірінші қазандық іске қосылды. Қазір үш қазандық, атап айтқанда екінші, бесінші және бірінші қазандық жұмыс істеп тұр. Жылу беру температурасы 70 градусқа жетті. Температуралық режим біртіндеп тұрақталып келеді, - деді басқарма басшысы Нұрлан Рамазанов.
Өз сөзінде ол қазір Риддерде жүргенін, жабдықтардың іске қосылу барысын бақылап отырғанын жеткізді. Қосымша қуаттың іске қосылуы жүйенің жұмысын алдағы тәулік ішінде толық тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Мамандар жылу электр орталығында және желілерде көрсеткіштерді тәулік бойы бақылауда ұстап, жылудың барлық көшеге біркелкі жетуін қамтамасыз етіп отыр.
Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев те жылыту маусымының белгілі тәртіппен іске қосылатынын түсіндірді.
— Ең алдымен жылуға әлеуметтік нысандар қосылады. Содан соң тұрғын үйлерге, кейін өндірістік кәсіпорындарға жылу беріледі. Жүйеде су көлемі көбейген сәтте температура уақытша төмендеуі мүмкін, бірақ бір тәулік ішінде қалыпқа келеді, - деді шаһар басшысы.
Биыл жазда Риддер жылу электр орталығында жабдықтарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 2,7 млрд теңге, ал жылу желілерін ауыстыруға 3,4 млрд теңге жұмсалған.
Еске салсақ, осыған дейін Петропавлда кей үйлерге жылу беру кешіктіріліп жатқанын жазған болатынбыз.