Рим Папасы Лев XIV Ливанға барды

АСТАНА. KAZINFORM — Рим Папасы Лев XIV Ливанға үш күндік сапармен барды, деп хабарлайды ТАСС.

Рим Папасы
Фото: Anadolu

Бейрутте және елдің басқа қалаларында Рим Папасының келуі құрметіне орай қоңырау соғылып, порттағы кемелер кернейлерін қақты. Сапар «Бәрекелді бейбітшілік» ұранымен өтіп жатыр. Ұшақтан түскен Лев XIV ең алдымен Баабда сарайына бет алды.

Ол бүгін Ливандағы ең құрметті христиан аскеттерінің бірі Әулие Шарбелдің жәдігерлері сақталған Анаядағы шағын ғимаратқа барады. Ал кешке Лев XIV Мұхаммед әл-Амин мешітінде мұсылман қауымының жетекшілерімен кездесіп, дінаралық диалог, толеранттылық және зорлық-зомбылыққа жол бермеу туралы сөз сөйлейді.

Сапар 2 желтоқсанда Бейрут жағалауында көпшілікке арналған мессамен аяқталады. Рим Папасы онда 2020 жылдың 4 тамызында қала портындағы жарылыс кезінде қаза тапқандар үшін дұға етеді.

Католик шіркеуі басшысының келуіне байланысты Ливан билігі қалада үш күндік демалыс жариялап, көлік қозғалысына шектеу қойды. Орталық аудандар, соның ішінде Рим Папасы орналасқан «Финиция» қонақ үйінің маңы әскери қызметкерлер мен жандармдардың қатаң бақылауына алынды.

Қонақ үй иелері одағының төрағасы Пьер Ашкардың айтуынша, бұл сапар туризм саласын айтарлықтай серпілтті. Елге біраз қажы келді. Египет, Иордания және Ирак мемлекетінен келгендер 2 желтоқсанда өтетін литургияға баруды жоспарлап отыр.

Ливан сапарының алдында Рим Папасы Лев XIV Түркияға барып, онда президент Режеп Тайып Ердоған және Константинополь патриархы Варфоломеймен кездесті. Сондай-ақ Никея Бірінші Кеңесінің 1700 жылдығына орай, Изникке қажылық сапарын жасады. Католик шіркеуі жетекшісінің Ливанға соңғы сапары 2012 жылы, Бенедикт XVI елге барған кезде болды.

Айта кетейік, Рим Папасы Лев XIV Түркияны қақтығыстарға толы әлемде «тұрақтылық пен диалог көзі» болуға шақырды.

Соңғы жаңалықтар