Рим папасы: соғыс қайтадан « сәнге» айналып барады
ВАТИКАН. KAZINFORM — Әлем қазір соғыс қайтадан «сәнге» айналып, адамның қадір-қасиетінің мәні жоғалып бара жатқан кезеңді бастан өткеріп отыр, деп мәлімдеді Ватикан мемлекетінің басшысы Папа Лев XIV. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
Дәстүрлі түрде сәрсенбі сайын Ватикандағы Павел VI залында өтетін жалпы аудиторияда сөйлеген сөзінде Папа әлемдегі жалғасып жатқан қақтығыстарды тоқтатуға шақырды.
— Адам қадір-қасиетінің мәні барған сайын жойылып, соғыс қайтадан сәнге айналып бара жатқан осы тарихи сәтте, бейбітшілік үшін дұға етейік, — деді Лев XIV, келісім мен әділет жолдарын іздеудің маңыздылығын атап өтіп.
Ватиканның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Папа Лев XIV Күрдістан Демократиялық Партиясының (КДП) төрағасы Масуд Барзанимен жеке кездесу өткізген.
Кездесудегі келіссөздердің егжей-тегжейі жарияланбады.
Айта кетейік, бұған дейін Рим Папасы Палестина мемлекетін құруға шақырды.