Рим Папасы XIV Лев алдағы күндері ота жасатпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Рим Папасы XIV Лев алдағы күндері өкпесіндегі түйінді алып тастау үшін хирургиялық ота жасататынын мәлімдеді. Бұл туралы 71 жастағы понтифик бүгін Әулие Петр алаңында дәстүрлі жексенбілік Angelus дұғасы кезінде айтты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
XIV Левтің айтуынша, жуырда медициналық тексеруден өткен кезде дәрігерлер оның өкпесінен шағын әрі белгілі бір аймақта орналасқан түйінді анықтаған.
— Ол өте ерте кезеңде анықталды және нақты бір аймақта орналасқан. Дәрігерлер ота жасаған дұрыс деп есептеп отыр. Олардың ұсынысын ескере отырып, түйінді алып тастау үшін ота жасату туралы шешім қабылдадым. Ота алдағы күндері өтеді, — деді понтифик.
Қасиетті Тақтың баспасөз қызметінің директоры Маттео Бруни ота осы аптаның алғашқы күндеріне жоспарланғанын нақтылады. Отадан кейінгі қалпына келу кезеңі шамамен бір аптаға созылуы мүмкін. Ота Римдегі Agostino Gemelli ауруханасында жасалады. Бұл медициналық мекемеде Рим папалары дәстүрлі түрде ем қабылдайды.
Ватикан әзірше анықталған түйіннің қатерлі ісікке жататыны немесе жатпайтыны туралы ақпарат берген жоқ. XIV Лев сенушілерге қолдауы үшін алғыс айтып, өзіне дұға бағыштауды өтінді.
Бұл — 2025 жылдың мамырында Рим Папасы Франциск қайтыс болғаннан кейін оның орнына сайланған XIV Левтің денсаулығына қатысты алғашқы хабар.
Понтификтің 6-17 қараша аралығында Латын Америкасына, атап айтқанда Уругвай, Аргентина және Перуге сапары жоспарланған. Ота мен қалпына келу кезеңінің осы сапар кестесіне әсер ететіні әзірше белгісіз.
Еске салайық, мұның алдында Олимпиада чемпионы және XDS Astana Team командасының бас менеджері Александр Винокуров Рим Папасына қазақстандық команданың жейдесін сыйлағанын жазғанбыз.