Рим Папасы Франциск қазақстандықтарға алғыс білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығының аумағында Месса рәсімін өткізген Рим Папасы Франциск қазақстандықтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рим Папасы Франциск қазақстандықтарға алғыс білдірді

«Тағы бір рет осынау құдайға құлшылық шарасын және менің сапарымды ұйымдастырғаны үшін елдің азаматтық және діни билігіне алғыс айтамын. Баршаңызға, әсіресе Орталық Азияның өзге елдерінен және осынау шексіз даланың әр қиырынан келген жандарға ізетімді білдіремін. Егде жастағы және науқас адамдарға, балалар мен жастарға шын жүрегімнен батамды жолдаймын», - деген дін көшбасшысы «қасиетті кресті көтеру» рәсімін орындады.

Айтуынша, аталған кресте «Қазақстан халқына – алғыс, адамдарға – бейбітшілік» деген жазу басылған.

«Жаратушыға осынау ұлы елде тұрып жатқан халық үшін алғыс. Бұл халықтың мынау әлем аса мұқтаж диалог пен бейбітшілікке ықпалдастығы алғысқа лайық», - деді Рим Папасы Франциск.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша Месса рәсіміне 7 мыңнан астам адам жиналған.

Шара елорданың EXPO халықаралық көрме орталығының аумағында өтті.

Ресейлік дін қызмектері пірадар Иван аталмыш шараны тарихи маңызы бар оқиға деп атады.

Қарағанды облысынан Мессаға 350-ден астам католик арнайы келген.