Роботтар арамызда: Қазақстанда қандай салалар автоматтандырыла бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Роботтандыру өнеркәсіп, медицина, мемлекеттік және логистикалық қызмет көрсету сынды өмірдің түрлі салаларына еніп жатыр. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмайды: бүгінде ақылды машиналар ХҚКО-ларда, теміржолда, ауруханаларда, пошта бөлімшелерінде, тіпті мейрамханаларда да іске қосылған. Kazinform тілшісі елімізде роботтар қандай салаларда қолданылып жатқанын анықтады.

ХҚКО-дағы көмекшілер: 60 миллион өтініш операторсыз өңделді
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру аясында қазақ және орыс тілдерінде тәулік бойы жұмыс істейтін интеллектуалды дауыс роботы (ИДР) енгізілді. 2022 жылдың соңында іске қосылған сәттен бастап ол 60 миллионнан астам өтінішті өңдеген. Ол тапсырмалардың 80%-на дейін өз мойнына алып, операторлар жүктемесін әжептәуір азайтып отыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, ИДР адамның сөйлегенін анық түсінеді. Құжат мәртебесін тексеруден бастап, кезек брондау, анықтамалар алу және дәрігерге жазылуға дейін 60-тан астам статикалық және 15 динамикалық қызмет түрін көрсетеді. 1414 нөміріне қоңыраулар бүкіл ел бойынша тегін әрі қолжетімді. Жүйе кибершабуылдардан және жеке деректердің таралуынан қорғалған.
Хирург-роботтар: денсаулықты қорғайтын технологиялар
Заманауи роботтандырылған жүйелер медицинада да қолданылып жатыр. Н.Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығы, Ұлттық онкология орталығы және Президент Іс басқармасының ауруханасында роботтық құрылғылар арқылы жамбас және тізе буындарын эндопротездеу, оның ішінде толық және жартылай араласу операциялары жасалады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы роботтардың көмегімен 350-ден астам операция жасалған. Дәрігерлер операцияларды жоспарлау мен модельдеуге арналған арнайы бағдарламалық жиынтықты пайдаланады, ал құрылғылар процедуралардың жоғары дәлдігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Темір жолдағы роботтар: ҚТЖ 100-ден астам процесті автоматтандырды
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ішкі 100-ден астам процесті роботтандыру технологияларымен қамтыды. Қаржы, бухгалтерия, логистика, энергетика және кадрлық салалар автоматтандырылды. Роботтар есеп жасайды, шот-фактураларды өңдейді, қорларды есепке алады, тіпті қызметкерлердің демалысы мен олардың медициналық куәлігі болуын қадағалайды.
Сонымен қатар, инфрақұрылымдық нысандарға қызмет көрсету бойынша пилоттық жоба аясында жолдар мен көпірлерді бақылау үшін дрондар мен өндірістік роботтар пайдаланылады. Бұл қызметкерлердің жұмысқа тікелей қатысу қажеттілігін азайтып, оқыс оқиға болған жағдайда соған сай шұғыл шара қолдануға мүмкіндік береді және қауіпсіздікті жақсартады.
Қазпоштадағы автоматтандыру: күніне 25 мың сәлемдеме өңделеді
Алматы қаласындағы «Қазпошта» АҚ халықаралық сұрыптау хабында 108 ұяшыққа арналған автоматтандырылған сұрыптау машинасы жұмыс істейді. Ол күніне 25 мыңға дейін сәлемдемені (адам істегеннен үш есе көп) сұрыптап, жалпы салмағы 14 кг-ға дейінгі хат-хабар мен сәлем-сауқатты өңдей алады.
Жүйе тіркеуді, кедендік бақылаудан өткізуді және аймақтар бойынша сұрыптауды автоматтандырады, бұл пошта операцияларының тиімділігі мен жылдамдығын арттырады.
Қалалық сервистік роботтар жеткізу және тазалау қызметін атқарады
Сервистік роботтар негізінен Астана мен Алматы қалаларында қолданыла бастады. Олардың саны онша көп емес, көбіне сауда, ойын-сауық орталықтарын тазалауға пайдаланылады.
Бұдан бөлек, Алматыда «алтын шаршы» ауданында дәмханалар мен мейрамханалардан тапсырыстарды жеткізетін робот-курьерлер пайда болды. Бұл құрылғылар кедергілерді таниды, маршрутты жоспарлайды және жаяу жүргіншілерге жол береді. Кейбір мекемелерде робот-официанттар да жұмыс істейді.
2024 жылдың қаңтарында Әділет министрлігі Республикалық Жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесіп, Тараз қаласында оңтайландырылған атқарушылық өндірісті енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Сондай-ақ сот орындаушысына ақша төлеуден құтқаратын роботтар да қолданысқа енген.
Бұған дейін робот арқылы айыппұл өндіріп алу сомасы жиырма АЕК шамасында болса, енді ол қырық айлық есептік көрсеткішке дейін (157 280) көтерілмек.