«Росатомға» санкция салу Өзбекстандағы АЭС құрылысына әсер ете ме
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Жизақ облысына қарасты Фариш ауданында өткен қоғамдық тыңдау аясында «Росатом» мемлекеттік корпорациясының өкілдері ықтимал санкциялардың әсері туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
- Біріншіден, біз ұзақ уақыт бойы санкциялық тізімде тұрмыз. Яғни, тек «Росатом» емес, жалпы ел санкцияға түскен. Корпорация қазіргі уақытқа дейін атом электр станциясын құруға қажетті барлық технологиялық процесті оқшаулап үлгерді. Тиісінше, санкциялар Өзбекстандағы АЭС құрылысына әсер етпейді, - деді «Атомстройэкспорт» акционерлік қоғамының вице-президенті Павел Безруков.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанда АЭС салу ұсынысы бойынша қоғамдық тыңдау өткенін жазып едік. Оның барасында ресми өкілдер тұрғындардың сауалына жауап берді. Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша арнайы баяндама әзірленеді.
Өзбекстанда бой көтеретін АЭС-тің жалпы қуаты — 2110МВт. Ол жылына 16-17 млрд кВт электр энергиясын өндіреді. Стратегиялық нысанның құрылысы барысында — 13 мың, ал ол толық іске қосылғанда 2 мың адам жұмыспен қамтылмақ.
Қоса кетсек, Өзбекстанда салынып жатқан АЭС Жизақ, Самарқанд және Науаи облыстарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы болады.
Сондай-ақ, таяуда Өзбекстанда атом электр станциясы құрылысының бірінші кезеңі басталғанын жазып едік.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ресей Өзбекстанда тағы бір АЭС салады.
Еске салайық, жақында ҚР Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев еліміздегі тұңғыш АЭС-тің алғашқы бетоны шамамен 2029 жылы құйылуы мүмкін екенін айтты.