Роспотребнадзор Ресейде чикунгунья безгегінің таралуын жоққа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейде чикунгунья безгегінің таралу қаупі жоқ, өйткені инфекцияны тарататын масалардың популяциясы табылмады. Бұл туралы Роспотребнадзор хабарлады, деп жазды ТАСС.

— Ресей Федерациясының аумағында чикунгунья безгегінің таралуының эпидемиологиялық қаупі жоқ. Өйткені ауруды тасымалдаушы масалардың тұрақты популяциясы жоқ. Климаттық және қоршаған орта факторлары олардың көбеюіне немесе вирустың адамдар мен жәндіктер арасында үздіксіз берілуіне ықпал етпейді. Бірлі-жарым тіркелген жағдай инфекцияның жергілікті жерде кең таралды деуге келмейді. Бірақ туристер эндемиялық аймақтардағы қауіпсіздік ережелерін есте сақтауы керек, — делінген хабарламада.
Жедел анықтауды және жылдам әрекет етуді қамтамасыз ету үшін Роспотребнадзор патогенді диагностикалау үшін отандық сынақ жүйесін әзірледі. Масалардың түрлерін, олардың санын, әртүрлі қоздырғыштармен жұқтыру деңгейін зерттейтін тұрақты энтомологиялық мониторинг жүргізіледі.
Чикунгунья безгегі табиғи түрде тропикалық Африкада, Үндістанда, Оңтүстік-Шығыс Азияда және Үнді мұхитының аралдарында кездеседі. Оларда маусымдық эпидемиялар жиі тіркеледі. Бұл жағдайлар Мексика мен Гватемалада да тіркелді.
— Инфекция қаупін азайту үшін Роспотребнадзор эндемиялық аймақтарға сапарды жоспарлаған туристерге жеке қорғаныс шараларын қолдануды ұсынады: нұсқаулыққа сәйкес репелленттерді қолдануды, шалбар, ұзын жеңді ашық түсті киімдерді киюді, әйнекті торлар немесе басқа жәндіктерге қарсы тосқауылдарды қолдануды ұсынады, — деп қорытындылады ведомство.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған дейін 2025 жылдың басынан бері әлемде чикунгунья безгегінің расталғаны және күдікті 445 мыңнан астам жағдай тіркелгенін хабарлады. Сондай-ақ олардың 155-і қайтыс болғанын, безгек әртүрлі аймақта таралу қаупі сақталып отырғанын атап өтті.
Бұған дейін Ресейде чикунгунья безгегінің алғашқы сырттан әкелінген жағдайы тіркелгенін жазғанбыз.